Ақтөбе облысы бірлік мерекесін ерекше атап өтті

1 Мамыр 2023, 20:33
1419
Бөлісу:
Ақтөбе облысы бірлік мерекесін ерекше атап өтті
Фото: автордан

Бүгін Ақтөбе қаласында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған салтанатты шарада 500-ге жуық оқушы қазақтың белгілі күйлерін орындап шықты, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Биыл Ақтөбе облысында 1 мамыр мерекесіне арналған іс-шаралар 24 сәуірден басталды. Облыс орталығындағы мекемелер мен білім беру орындарында мерекелік шаралар кең көлемде атап өтіліп, өзге ұлт өкілдері қазақ халқына деген өз ықыластарын білдірді.

Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Серік Қонақбаевтың айтуынша, биыл бірінші рет 1 мамыр мерекесінде облыс көлемінде барлық ұлт өкілдерінің қатысуымен «Домбыра — халық даналығы» атты домбыра-пати ұйымдастырылып отыр.

Ақтөбе облысы бірлік мерекесін ерекше атап өтті

Бүгін мерекеге арналған басты шара облыс орталығындағы «Қазақ халқына мың алғыс» стелласы алаңында өтіп жатыр. Бес жүзге жуық домбырашының қатысуымен өткен «Домбыра — халық даналығы» атты домбыра-патиге өзге ұлттың өкілдері де қатысып отыр. Бұл олардың қазақ халқының тілін, ұлттық өнерін үйреніп, оны құрметтеуге деген ынта-ықыласын білдіреді. Қазір біздің облысымызда тоқсанға жуық өзге ұлттың өкілдері тұрады. Өңірімізде 15 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Бүгінгі мерекеде осы ұжымдардың қатысуымен «Қазақстан — бірлік пен татулықтың ордасы» атты қолөнер көрмесі ұйымдастырылып отыр. Сонымен қатар қала халқына арнап жергілікті тауар өндірушілер ауыл шаруашылық жәрмеңкесін де өткізіп жатыр. Мұнда сатылып жатқан барлық өнімдер 10-15%-ға арзан, — дейді ол.

«Қазақ халқына мың алғыс» стелласы алаңында өткен шарада облыс әкімі Ералы Тоғжанов бастаған зиялы қауым өкілдері мен облысқа арнайы келген белгілі өнер зерттеушісі, күйші Әбділхамит Райымбергенов жиналғандарды мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Сондай-ақ домбыра-патиге қатысқан өзге ұлт өкілдері мен облыста белсенді түрде еңбек етіп жүрген этномәдени бірлестіктердің мүшелері марапатталды.

Ақтөбе облысы бірлік мерекесін ерекше атап өтті

Бүгінгі мерекеде Ақтөбе облысындағы этномәдени бірлестіктер жетекшілерінің бастамасымен қолөнер көрмесі өтті. «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Эльвира Хабибуллина көпшілікке көрменің мақсаты мен бірлестік мүшелерінің өнерге деген құлшынысы туралы айтып берді. Қазақша еркін сөйлейтін татар қызы бірлестік құрамында мемлекеттік тілді үйренгісі келетін жастардың саны жыл артып көбейіп жатқанын жеткізді.

Менің осы бірлестікті басқарғаныма бірнеше жыл болды. Бұған дейін бірлестік құрамындағы «Язгы-Моннар» татар ән-би ансамбліне жетекшілік еткенмін. Қазақша үйренуге о баста менде құлшыныс болды. Ешқандай курстан немесе оқудан өтпей-ақ мемлекеттік тілді үйрендім. Қазір емін-еркін сөйлей аламын. Меніңше, адамда ниет болса, бәрін де үйренуге болады. Жалпы өзім туралы айтсам, Ақтөбе жеріне отбасыммен 1977 жылы қоныс аудардым. Бұрын менің ата-анам Қарақалпақстанда тұрған. Осында келген соң мектепті аяқтап, Ақтөбе музыкалық училищесінің фортепиано бөліміне оқуға түстім. Содан кейін бірлестік құрамындағы «Язгы-Моннар» татар ән-би ансамблінің вокал тобына әнші болып қабылдандым. Кейін балабақшаларда еңбек еттім. Еңбегім мен талантымның арқасында бірлестіктің жанынан балаларға арнап «Сәйлән» татар балаларының ән-би тобын аштым. Осылайша кішкентай балаларға музыкадан сабақ бердім. Бүгінде бұл екі өнер ұжымы да жұмыс істейді. Ансамбль мүшелерінің жетістіктері арқасында бүгінге дейін халықаралық, республикалық байқауларда талай Гран-приді жеңіп алдық. Бүгінде орталығымызда 200-ден астам мүше бар. Оның құрамында кішкентай балалардан бастап 70-ке келген қарттарымыз да бар, — дейді Хабибуллина.

Қазақ тілінде еркін сөйлейтін тағы бір өзге ұлт өкілі — Любовь Нешко. Украин ұлтының өкілі мемлекеттік тілді «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың әндерін орындау арқылы үйренген. Себебі Любовь бүгінде облыстағы «Оксана» халықтық хорының әншісі болып қызмет етеді. Қашан да ән мен күйге жаны құмар ол қазақтың халық әндерін үйрену үшін көп ізденіпті. Қазір украин ұлтының өкілі облыста ұлттық өнерімізді насихаттауға үлкен үлес қосып жүр.

Бұрын мен ішкі істер саласында қызмет атқардым. Зейнеткерлікке шыққан соң «Оксана» украин этномәдени орталығының төрағасы Валентина Моисеенконың қолқа салуымен халықтық хорға әнші болып келдім. Хор әншісі болған соң осында келіп, украин, орыс, қазақ әндерін үйреніп, орындай бастадым. Мен о баста қазақ тілін білген жоқпын. Алайда ізденіс пен хордағы әріптестерімнің көмегі арқасында қазақша сөздердің мән-мағынасын түсініп, әндердің мәтіндерін жаттай бастадым. Екі-үш жыл ішінде осылайша Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Ана туралы жыр», «Қуаныш вальсі» сияқты әдемі әндерінің мәтіндерін жаттап, олардың мағынасын түсіне бастадым. Келе-келе өзгелермен қазақша сөйлесуді үйрендім. Сөйтіп жүргенде Шәмшінің әндері арқылы қазақ тілін үйренуге деген құлшынысым артты, — дейді ол.

Любовь Нешконың айтуынша, бүгінде аталған халықтық хор ұжымының репертуарында 100-ге жуық ән бар. Оның ішінде отызға жуық Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов сияқты белгілі сазгерлердің әндері бар.

Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының деректеріне сүйенсек, биыл мереке қарсаңында облыс орталығында Т.Жүргеновтың 125 жылдығына арналған VІ халықаралық «Балауса» экспериментальды спектакльдер фестивалі, «Ақтөбеліктер – ұлт мақтанышы» атты жылжымалы көрме, «Ортеке» VI халықаралық қуыршақ театрлар фестивалі, т.б. кең көлемде мәдени шаралар өткен.

Қазір облыс орталығында «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алаңында «Ұлт бірлігі – ұлы байлық» атты облыстық халықтар достығы фестивалінің гала концерті өтіп жатыр. Онда қазақ тілін меңгерген өнерлі, талантты өзге ұлт өкілдері мен облыстың белгілі шығармашылық ұжымдары өнер көрсетуде.

Өзгелердің жаңалығы