Облыс әкімі Ералы Тоғжанов апарат жиынында қаланың санитарлық тазалық жұмыстарын сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақтөбеде басталған екі айлық тазалық акциясы аясында төрт рет сенбілік өткізілгенімен, қатты-тұрмыстық қалдықтар азаймай тұр. Ералы Тоғжанов осыған байланысты жауапты мекеме басшыларына ескерту жасап, ақтөбеліктерді қаламызды таза ұстауға шақырды.
Бұл мәселемен барлық басқарма мамандары тұрғындармен біріге отырып айналысуы керек. Санитарлық тазалық сенбіліктер, таза бейсенбіліктер өткізумен шектелмейді, ол — тәулік бойы тынымсыз еңбекпен өлшенетін ауқымды іс. Жоспарға сәйкес жауапты мекеме қызметкерлері күн сайын Ақтөбе көшелерін тазартып, тәртіпке келтіруі керек, — деді облыс әкімі.
Облыс әкімі Астана және Алматы аудандарының әкімдеріне қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің басшыларымен бірлесіп, қоқыс төгетін орындарды дұрыстап, контейнерлерді қалыпты жағдайға келтіруді тапсырды.
Кеңселеріңізден сыртқа шығып, барлық аумақты, жеке секторларды жаяу аралаңыздар. Сонда ғана шынайы көріністі көріп, жағдайды толық бақылай аласыздар, — деді Ералы Тоғжанов.