Ақтөбе қаласындағы «Әлия Молдағұлова атындағы Ақтөбе халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамының басшылығы директорлар кеңесінің төрағасына тұрғын үй жалдау үшін заңсыз қаржы бөлген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымов айтып берді.
Біз жеке тұлғадан түскен шағым бойынша Ақтөбе халықаралық әуежайына жоспардан тыс аудиторлық тексеру жүргіздік. Тексерудің нәтижесінде 4 миллион 107,6 мың теңгеге бұзушылықтар анықталды. Атап айтсақ, «Ақтөбе халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дастан Малиевтің 2022 жылдың 24 қарашасындағы №392 «Тұрғын үйді жалдау үшін өтемақы төлеу туралы» бұйрығына сәйкес К. есімді азаматқа 2022 жылы 521,7 мың теңге, 2023 жылы 3 миллион 585,9 мың теңге, осылайша барлығы 4 миллион 107,6 мың теңге тұрғын үй жалдау үшін қаражат берілген. Алайда «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңның 36-бабы 1-тармағының 5-тармақшасына сәйкес, директорлар кеңесі мүшелерінің шығыстары, өтемақыларының мөлшері мен шарттары жалғыз құрылтайшы — Ақтөбе облыстық қаржы басқармасының шешімімен айқындалады. Ал бұл жерде басқару органы болып табылатын директорлар кеңесі үшін атқарушы орган — басқарма басшысы бұйрық шығарған. Нәтижесінде тұрғын үйді жалға алу үшін 4 миллион 107,6 мың теңге қаражат заңсыз берілген, — дейді Сәкен Қасымов.
Департамент басшысының айтуынша, «Ақтөбе халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы акционерлердің жалпы жиналысын өткізбеген.
Сондай-ақ Ақтөбе облыстық қаржы басқармасының шешімінсіз директорлар кеңесінің басшысына жағдай жасау үшін заң бұзып, ақша аударған. Қазіргі таңда бұл іс сотта қаралып жатыр.