Ақтөбе облысы. BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбеде Ұлттық домбыра күнінде қаладағы мәдениет мекемелерінің, саз колледжі мен мектептерінің, шығармашылық орталықтардың 100-ден астам өнерпазы сахнада күй орындады.
Күй күмбірлеген кеш кешқұрым Тұңғыш Президент атындағы саябақта өтті. Мерекелік шарада домбырашылар Әбдімомын Желдібаевтің «Ерке сылқым» және Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындады.
Шарада сондай-ақ өңірге танымал, ұлттық өнеріміздің дамуына үлес қосып жүрген бір топ домбырашы Ақтөбе қаласының әкімінің және Ақтөбе облыстық мәдениет, құжаттар және архивтер басқармасының Алғыс хаттарымен, «Халық күйшісі», «Құрманғазы» төсбелгілерімен марапатталды.
Кеш соңында дәстүрлі әншілер шеруі өтіп, онда Ф.Нарман, Н.Әбдібеков, Ә.Күзенбаев, Д.Шынарбаева, Д.Қабылов, А.Тобағабылова, Ғ.Әбдірова, т.б. әншілер өз өнерлерін ортаға салды.
Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік шараға келген халықтың қарасы көп болды. Жұртшылық домбырашылардың өнеріне тәнті болып, ерекше ықыластарын білдіріп жатты.
Ақтөбе қаласының тұрғыны, зейнеткер Әсия Тағыбергенқызы қазақтың ұлттық домбырасын ерекше қастер тұтатынын, жастайынан өнерге жақын екенін айтады.
Ол жыл сайын Домбыра күніне арналған іс-шарадан қалмайды екен.
«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра» демекші, бүгінгідей мерекеге денсаулығыма қарамастан келіп тұрмын. Жүрегім «қазақ» деп соғатын мен үшін бұл мерекенің маңызы зор. Домбыра, қобыз, жетіген сияқты аспаптарды өте жақсы көремін, дәстүрлі әншілердің өнерін қатты құрметтеймін. Әттең, тек өзім домбыраны үйрене алмадым. Бірақ немерелерімді домбыра үйірмесіне бердім. Қазір олар домбыраның құлағында ойнайды. Төрт немерем бар, әрқайсысына бір-бір домбыра сатып алып бердім. Әр қазақтың үйінің төрінде домбыра ілініп тұруы керек. Сондықтан жастарға айтарым, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайық, бағалайық! Домбыра дейтін киелі аспабымызды қай жерге, елге барсақ та, насихаттап жүрейік, — дейді қария.
Бүгін осы шараның жалғасы іспеттес Ақтөбеде әже-аналардың бастамасымен этнофестиваль өтіп жатыр. «Дәстүрге жол» жобасы аясында ұйымдастырылған этнофестивальге 30-дан астам адам қатысты.
Этнофестиваль аясында әжелер ұршық иіріп, жүн түтсе, аналар тары түю, ши тоқу, кесте тігу, ұлттық тағамдар әзірлеуден шеберлік сыныптарын өткізді. Ал қыз-келіншектер сәбиді бесікке салу салтын тамашалап, әжелердің айтқан ақыл-кеңестерін тыңдады.
Сондай-ақ шарада домбыра, қобыз, келсап, ұршық, т.б. ұлттық аспаптар мен тұрмыстық заттардың тарихы туралы мәліметтер айтылып, әжелер әннен шешу шашты.
Этнофестивальге жиналған жұртшылық ұлттық тағамдардан ауыз тиіп, әжелердің ақ батасын алды.
Шараға келгендердің бірі — Хромтау ауданы Қарлау ауылының тұрғыны, көп балалы ана Алмагүл Бекмағамбетова. Ол фестивальге қыздарын ерте келіпті.
Отбасында 7 баланың анасымын. Бүгінде төртеуі есейіп, оқып, жұмыс жасап жатыр. Өзім ауылда мектепте мұғалім болып жұмыс істеймін. Үйдегі отағасымен ақылдаса отырып, 2019 жылы аудандағы балалар үйінен екі қыз, бір ұлды қамқорлыққа алғанбыз. Қазір олар бесінші және алтыншы сыныпта оқиды. Үлкен балаларымыз өз жолдарымен кетті, қазір осы кішкентай үш баламызды тәрбиелеп отырмыз. Бүгінгі шараға арнайы келіп, қатысып отырмыз. Бұл жерде әжелеріміз жүн түту, ұршық иіру, кесті тігу, шархат тоқу сияқты ұлттық құндылықтарымызды жастарға көрсетіп жатыр. Мұндай шаралардың болашақ ұрпаққа берері мол, — дейді ол.