2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров облыс орталығының негізгі су объектілері мен су тасқыны қауіпті учаскелерін бағамдады, деп хабарлайды BAQ.KZ өңір әкімдігіне сілтеме жасап.
ТЖ департаментінің командалық-штабтық машинасы мен пилотсыз ұшу аппараттарының көмегімен өңір басшысы Елек және Қарғалы өзендерінің бойындағы ықтимал қауіпті учаскелерді, сондай-ақ Сазды су қоймасын қарап шықты.
Қазіргі уақытта ұзындығы 1300 метрді құрайтын Елек өзенінің бойында жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа, тәуекел аймағына түскен Ақтөберентген-14, 16, Урожайный, Зеленстрой бау-бақша ұжымдарында еріген қар суын бұру бойынша іс-шаралар жүзеге асырылуда. Бұл жерлерде Заречный көпірінен Кірпішті көпіріне дейін Елек өзенінің бойымен үйінді жасалады. Жұмыстарды «ZNS Group» ЖШС мердігерлік ұйымы жүргізеді, жобаның құны – 117,55 млн теңге.
Асхат Шахаров Сазды су қоймасының ағымдағы жөндеу барысын да тексерді. Мұнда су жинақтаушы орынның түбін бөлшектеу, екі қатарлы арматурамен бетон құю және мұздан қорғайтын қабырғаны орнату жұмыстары аяқталған.
Қаланы жұмыс бабымен аралау қорытындысы бойынша әкім жағалауды нығайту жұмыстарының аяқталуын жеделдетуді және неғұрлым осал аумақтарда қорғаныс бөгеттерін салуға кірісуді тапсырды.