Ақтөбеде былтыр «7-20-25» бағдарламасымен 227 адам пәтерлі болды

15 Ақпан 2019, 17:12
2137
Бөлісу:
Ақтөбеде былтыр «7-20-25» бағдарламасымен 227 адам пәтерлі болды

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбеде былтыр 908 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың мәліметінше, «7-20-25» бағдарламасымен 227 ақтөбелік баспаналы болды.

Қазір өңірде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. "7-20-25" және "Нұрлы жер" бағдарламалары арқылы биыл 1 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі. Ал, былтыр «7-20-25» бағдарламасымен 300-ге жуық тұрғынға пәтер кілті табысталды. «Жастар жылы» мен Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай тек осы облыста ғана қолға алынған жастарға 150 пәтер сыйлау бағдарламасы да жүзеге асырылып жатыр. Кеше 50 жас ақтөбеліктің пәтерлі болғандығы туралы хабарлаған болатынбыз.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы жөніндегі бес әлеуметтік мәселенің ішінде «7-20-25» бағдарламасымен пәтерлермен қамтамасыз етіліп жатыр. Пәтерлердің бастапқы жарнасы 20-дан 10 пайызға дейін төмендеді. Сондай-ақ, салықтарды төмендету арқылы жалақыны арттырдық. 63 мың теңгеден жалақы алатын азаматтар салықтан босатылады. 93 мың ақтөбелік салықтан босатылады», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Аймақта шағын несие беру бойынша 1 мың жоба қабылданды. Құны 5 млрд. теңгені құрайды. Жастардың жоғары біліммен қамтамасыз етілуі үшін облыста 1 мыңнан астам грант бөлінді. Алда 8 жатақхана салу жоспарланып отыр.

Елді газбен қамту мәселесі облыста 90 пайызға жуық шешілген. 2019-2020 жылдары 7 мың тұрғын көгілдір отынмен қамтылады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев халықпен кездесуінде көлік жолдарының жөнделуіне де тоқталып өтті.

«Халықты толғандыратын мәселенің бірі – көлік жолдары. Тек жергілікті бюджеттің қаржысымен жыл сайын жөнделген көлік жолдарының көлемін 100 шақырымға артып отырмыз. Былтыр облыста жалпы құны 35,7 млрд. теңге болатын 404 шақырым жол жөндеуден өтті. Биыл 500 шақырым көлік жолы күрделі және орташа жөнделеді. «Ақтөбе-Атырау»тас жолын жөндеу жалғасады. «Ақтөбе-Орск» республикалық маңызы бар тас жолының жөнделуі биыл аяқталады», - деді Бердібек Сапарбаев.

Қазір өңірде ұзындығы 320 шақырымға жуық «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» республикалық маңызы бар көлік жолының учаскелерін қайта құрылымдау жобалары жүзеге асырылып жатыр. Жоба 122 млрд. теңгені құрайды.

Әсел АБАТ
Өзгелердің жаңалығы