«Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Маңғыстау облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесіп, Маңғыстау облысы прокуратурасының үйлестіруімен жедел-тергеу іс-шараларын жүргізді.
2026 жылғы 6 тамызда сағат 22:00 шамасында келіп түскен жедел ақпарат негізінде Мұнайлы ауданының Атамекен ауылындағы шаруашылық нысандарының бірінде тінту жүргізілді.
Тінту барысында өсімдік тектес зат – марихуана салынған бес қап табылып, тәркіленді. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 83 келі 300 грамды құрады, - деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.
27 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда.
Еске салсақ, Ақтауда полиция күдік тудырған азаматты ұстады. Жеке тінту кезінде одан «Тропикамид» және «Прегабалин» күшті әсер ететін заттар мен есірткіге ұқсас ұнтақ табылып, тәркіленді.