Ақтауға келетін туристер саны артып келеді

23 Сәуір 2022, 11:57
2677
Бөлісу:
Ақтауға келетін туристер саны артып келеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 21 сәуірде аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев Ақтау қаласының жоғарғы шағынаудан тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Тұрғындарға есеп беру кездесуінде Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өткен жылғы жұмыс қорытындысын баяндап, 2022 жылға арналған жоспарларды атап өтті. Бұдан кейін Нұрлан Ноғаев тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, облыс орталығын дамытуға қатысты ұсыныстарын тыңдады.

Жиында ақтаулықтар балабақша мен мектеп, тұрғын үйлердегі жылу мен су тапшылығы, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет көрсету сапасы, абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, қоғамдық көліктерді жаңарту және басқа да өзекті мәселелерді көтерді.

Облыс әкімі өз кезегінде көтерілген мәселелердің басымдыққа қарай кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.

– Біздің міндетіміз – тұрғындарды толғандырып жүрген мәселелерді жүйелі түрде шешу, сонымен қатар барлығына бірдей жағдай жасау. Әрине, кемшіліктер көп, бірақ барлығы бір күнде шешілмейді. Сондықтан да Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сіздердің ұсыныстарыңызды ескеру үшін осындай кездесулер өткізіп отырмыз, -деді Нұрлан Ноғаев.

2022 жылдың сәуір айындағы мәлімет бойынша Ақтау қаласының тұрғындарының саны 216 633 адамға жетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға өсім бар.

Жыл сайын Ақтауға келетін туристер саны артып келеді. Осыған байланысты қаладағы туризм мен туристік нысандарды дамыту бағытында бірқатар шаралар қолға алынды. Атап айтқанда, заманауи теңіз жағажайын салу, Ақтау халықаралық әуежайында такси қызметін іске қосу және тұрғындарға ыңғайлы саябақ салу жоспарлануда.

Қалаға ауыл шаруашылығы өнімдерінің 80 пайыздан астамы басқа облыстардан және шетелдерден әкелінеді.
Қала халқын жергілікті өніммен қамтамасыз ету үшін инвесторларды тартып, жалпы көлемі 20 гектар жылыжай салу жоспарлануда.

Тағы бір мәселе – жоғарғы ықшам аудандардағы жылудың жоқтығы. Бұл мәселені шешу үшін КЖСА-мен бірлесіп Ақтау қаласының 19а, 20, 20а, 33, 34, 34а, 35 жаңа шағынаудандарында жылу қазандықтарын салу көзделіп отыр.

Жиында Ақтау қаласының әкімі ауыз су тапшылығына да тоқталды.

– Соңғы 20 жылда қалада ауыз судың тапшылығы қатты сезіледі. Бұл туралы әртүрлі пікірлер бар. Бірі зауыт мамандарының жұмысын сынаса, енді бірі судың бәрі “Rixos” қонақүйіне кетеді деп есептейді. “Rixos Water World” компаниясына берілетін судың Ақтау қаласын сумен қамтуға еш қатысы жоқ екенін ескерген жөн. Су тапшылығына бірден-бір себеп - шағынаудандардағы көпқабатты үйлердің тұрғындары техникалық судың сапасыздығынан ауыз суды шаруашылық қажеттіліктеріне пайдаланады. Осы орайда мәселені шешу үшін Ақтаудың солтүстік бөлігіндегі «СК Строй Монтаж» ЖШС қуаттылығы тәулігіне 20 мың текше метр су тұшыту қондырғысын салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар осы жылы 10 мың текше метр ауыз су өндіруді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ 2024 жылы ауыз су өндіруді тағы 10 мың текше метрге арттыруды көздеп отырмыз, -деді Нұрдәулет Қилыбай.

Жыл сайын қаланы көгалдандыру мәселесі де тұрғындар тарапынан көтеріліп келеді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы 5 жыл мерзімге абаттандыруды ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Ботаникалық бақ мамандарымен бірлесіп Маңғыстау өңірінің құрғақ климатына төзімді жасыл желектерді отырғызу бойынша ғылыми негіздегі жұмыстар басталды.

Сонымен қатар, қазіргі таңда көше шамдарын ауыстыру жоспарлануда. Жоба аясында 34 шақырым электр желісін, 8 340 жарықдиодты шамды және 4 000 шам бағанасын ауыстыру көзделіп отыр.

Айта кету керек, бүгінгі таңда №2, №4 маршруттарын жаңарту мәселесі күн тәртібінде тұр. Аталған мәселе бойынша жергілікті бюджеттен 20% алғашқы жарна бөлініп, лизингтік бағдарлама арқылы 16 дана автобус сатып алынатын болды. Жаңа автобустар қалаға ағымдағы жылдың 2-ші жарты жылдығында келеді деп күтілуде.

Жиын соңында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қала тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Өзгелердің жаңалығы