Ақтауға Германия елшілігінен делегация келді

4 Мамыр 2023, 21:15
722
Бөлісу:
Ақтауға Германия елшілігінен делегация келді
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақтауға Қазақстандағы Германия Федеративтік Республикасының елшілігінен делегация келді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

4 мамырда өңір басшысы Нұрлан Ноғаев Қазақстандағы Германия Федеративтік Республикасы елшілігінің тұрақты сенім білдірілген өкілі Холгар Коллее бастаған делегациямен кездесті.

Кездесу барысында өңір басшысы Нұрлан Ноғаев бірлескен қызметтің маңызды нәтижелерін атап өтті. Неміс жоғары оқу орындарының Yessenov университетімен ынтымақтастығы, жаңартылатын энергия көздері жобалары және Маңғыстау облысындағы «жасыл» сутегі өндірісі жобасының құрылысы - бірлескен жұмыс нәтижелері. 

Барлығымызға белгілі, 2022 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен HYRASIA ONE компаниясы (құрылтайшысы – SVEVIND компаниясы) арасында «Маңғыстау облысында орналасқан жаңартылатын энергия мен «жасыл» сутекті өндіру және тарату орталығын құру» инвестициялық жобасы бойынша келісім жасалған болатын. 

Сондай-ақ алдын ала техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу бойынша рәсімдер сәтті жүзеге асырылған еді. Жалпы қуаты қуаты 40 ГВт құрайтын зауыттың жалпы құны 50 миллиард долларды құрайды және әлемдегі ең ірі жобалардың бірі болып саналады. Svevind компаниясының мәліметінше, жобаны іске асыру үшін, инвестициялау алдындағы зерттеулер, жоба аумағында геологиялық-геофизикалық ізденістер, сондай-ақ Каспий теңізінің суына талдау жүргізу жұмыстары жүргізілуде. 

Маңғыстау облысы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосатын Қазақстандағы жетекші өңірлердің бірі. Экономикалық байланыс потенциалы өте жоғары, облыс дамып келеді, серіктестерге импорттық және экспорттық мүмкіндіктерді ұсына алады. Бүгінгі кездесу соның дәлелі. Сіздің Маңғыстауға сапарыңыз бірлескен жобалардың сәтті жүзеге асуының кепілі екеніне сенімдімін, - деді Нұрлан Ноғаев.

Өзгелердің жаңалығы