Ақтаудағы институттың ашылуына Германия президенті келеді

16 Мамыр 2023, 20:42
2177
Бөлісу:
Ақтаудағы институттың ашылуына Германия президенті келеді
Фото: Қуаныш Ерғалиевтің жеке архивінен

Ақтаудағы Ш. Есенов атындағы Каспий университетінде Қазақ-неміс инженерлік институтының ашылуына Германия президенті келетін болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев Берлин Еуразиялық клубының 37-ші отырысынан кейін берген сұхбатында мәлім етті.

Бүгін өткен жиын аясында жақсы нәтижеге келіп отырмыз. Жақын арада Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің елімізге сапары кезінде Ақтауда Қазақ-неміс инженерлік институтын ашады деп күтілуде. Айта кетерлігі, оқу ордасының ашылуы Президентіміздің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылады, - деп атап өтті Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары.

Сонымен қатар вице-министр елдегі жоғары техникалық білімді дамыту жоспарларына тоқталды. Атап айтқанда, оның айтуынша, республикада жетекші шетелдік техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу және отандық зерттеушілердің шетелде тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру бойынша «500 ғалым» бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар Шығыс Қазақстандағы Д. Серікбаев атындағы университеттің базасында да сондай ғылыми-техникалық институт ашу жоспарда бар. Келісімшарттар жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысы Қонаев қаласында академиялық қалашық ашуға тапсырма берген болатын. Академиялық қалашыққа тартылатын инвесторларға салық және басқа жағынан қолайлы жағдай жасалады, - деді Қуаныш Ерғалиев.

Белгілі болғандай, «Болашақ» бағдарламасының аясында білім алған 12 мың қазақстандықтың 500-ге жуығы Германияда оқып келген. Олардың жартысы техникалық және инженерлік бағытта білім алған. Вице-министр басқа мемлекеттермен салыстырғанда, неміс елінде білім алуда қазақстандықтар 7-орында тұрғандығын айтты.

Өзгелердің жаңалығы