Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ақтаудағы балабақшада бүлдіршінді қатыгездікпен соққыға жыққан

7 Тамыз 2025, 19:36
3272
Бөлісу:
 instagram/ cenzura_aktau
VIDEO
Фото: instagram/ cenzura_aktau

5 тамыз күні Ақтаудағы жекеменшік "Тұмар" балабақшасында (24-шағынаудан) жаға ұстатарлық оқиға болды. Бөбекжай тобында тәрбие алып жүрген бүлдіршінге басқа бір қыз бала тұншықтырып, соққы жасап, түрлі зорлық көрсеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бақылау камерасынан алынған видеода бүлдіршіннің айқайлап, өзін қорғауға тырысқаны, оны ұрып, тістеп, мойнынан ұстап төсекке басып жатқаны анық көрінеді. Бұл жағдай шамамен 15 минутқа созылған. Осы уақытта бөлмеде бірде-бір тәрбиеші немесе күтуші болмаған, ешкім араласпаған.

Ата-аналар оқиға туралы кешке, қыздарын алып кетуге келген кезде ғана білген. Бүлдіршіннің беті ісіп кеткен, денесінде тістеген іздер, көгерген жерлер мен жарақаттар болған. 

Ақтаудағы балабақшада бүлдіршінді қатыгездікпен соққыға жыққан
Фото: instagram/ cenzura_aktau

Балабақша қызметкерлері дәрігер шақырмаған және ата-анасына ешқандай ескерту жасамаған. Оқиғаның видеосын талап еткен кезде балабақша басшылығы "мәселені полициясыз шешуді" ұсынған.

Видеода қызымды ұрып, тұншықтырып жатқаны анық көрінеді. Бөлмеде бірде-бір ересек адам жоқ. Егер ол көз жұмғанда ғана қимылдайтын ба едіңіздер? - дейді зардап шеккен баланың анасы.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 140-бабы — "Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау" бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу барысы Маңғыстау облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады полиция өкілдері.

Айта кетерлігі, балабақшадағы мұндай оқиғалар, яғни бүлдіршіндердің не мектепке дейінгі білім ордасының қызметкерлерінен, не өз қатарластарынан соққы алып, жәбірленгені туралы бұған дейін де хабарланған. Мәселен, Астанада баланы ұрған тәрбиеші рақымшылыққа ілініп, жазадан босатылды.

Бұған дейін балабақшада 1,5 жасар қызды басқа бала 25 рет тістеп тастағаны туралы жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Павлодар қаласындағы №116 балабақшада тәрбиешілердің бірі балаларға күш көрсеткен. Бұл туралы бейнежазбалар әлеуметтік желіде тарап, қоғамдық резонанс тудырды.

Астанадағы балабақшалардың бірінде де бала күтушісі балаларды ұрып-соққанын жаздық. Ал Қызылордадағы жекеменші балабақшалардың бірінде бүлдіршін қайнаған суға күйіп қалған.

Өзгелердің жаңалығы