25 қазанда Ақтаудағы Мемлекеттік ресми рәсімдер алаңында Республика күніне арналған Мемлекеттік туды көтеру салтанатты шарасы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жиынға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ел ағалары, түрлі сала өкілдері мен әскерилер және қала тұрғындары қатысты.
Ұлттық мерекеге жиналған жұртшылық Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын бірге шырқады.
Салтанатты жиында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысушыларды Республика күнімен құттықтап, бұл күн — мемлекеттің құрылу жолындағы тарихи қадамның көрінісі екендігін атап өтті.
Расында да, бақыт деген осы шығар?! Көк байрағымыз желбіреп, бейбіт елде ұлттық мерекемізді тойлап жатырмыз. Тудың желбіреуі түгілі, туды армандап жүрген халық қаншама?! Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Республика күні – мемлекеттің құрылу жолындағы тарихи қадамның символы болуы тиіс. Осындай шаралар жас ұрпаққа, әр саладағы мамандарға қажырлы еңбек етуге ынта беріп, олардың патриоттық рухын оятады. Әрбір азамат ел ертеңін қалыптастырушы тұлға екенін ұмытпауы қажет. Бірлігіміз жарасып, жарқын болашаққа нық қадам басайық. Мереке құтты болсын, ағайын! - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Салтанатты шара патриоттық әндер шырқалған концертке ұласты.