Ақтауда қыздар арасында бокстан ел чемпионаты басталды

14 Шілде 2022, 01:45
1295
Бөлісу:
Ақтауда қыздар арасында бокстан ел чемпионаты басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтау қаласындағы «Халық арена» спорт кешенінде 2004-2007 жылы туған қыздар арасында бокстан ел чемпионаты басталды.

Жарыстың ашылу салтанатында Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев, Әлем және Азия чемпионы Ердос Жаңабергенов, Олимпиада ойындары мен Әлем чемпионаттарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов сөз алып, ел біріншілігінің басталуымен құттықтады.

Жарысқа еліміздің 16 облысы мен республикалық маңызы бар қалаларынан барлығы 183 спортшы қатысуда. Спортшы қыздар арасында 13 салмақ дәрежесінде, жасөспірімдер арасында 14 салмақ дәрежесінде сынға түседі.

Маңғыстау облысынан 7 боксшы өңір намысын қорғайды. Атап айтқанда, 48 келіде Көркем Берікқызы мен Сабина Сарсенходжаева, 50 келіде Айбегім Кажимухан, 70 келіде Айгерім Егдер мен Ақжүніс Жақсылық, 63 келіде Аяулым Есбосынова мен Асем Таңатар қатысады.

Облыстық бокс федерациясының атқарушы директоры Жандарбек Исановтың айтуынша, Маңғыстау өңірінде бокстан қыздар арасында ел чемпионаты алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Бұған дейін ересектер, жастар мен жасөспірімдер арасындағы ел біріншіліктері өткенімен қыздар арасындағы жарыс тұңғыш өтуде. Оның басты себебі біздің облыста қыздар боксы енді ғана даму үстінде. Бұрын тек Жанна Баскаева ғана ел чемпионы атанған болса, соңғы жылдары үміт артатын қыздарымыз шыға бастады. Соның бір айғағы ретінде Әсем Таңатардың Дубайда өткен Азия чемпионатында және Парижде өткен дүниежүзілік гимназиядада күміс жүлдегер атануы. Осы жарыстан 2-3 жүлде күтеміз, соның бірі алтын болса екен деген үмітіміз бар, – деді Жандарбек Исанов.

12 шілдеде басталған жарыс 17 шілдеге дейін жалғасады. 

Өзгелердің жаңалығы