Маңғыстау облысының прокуратурасы инватакси қызметін көрсету барысында заңбұзушылықтарды анықтады. Нәтижесінде Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Прокуратура мүмкіндігі шектеулі адамдарды қорғау саласындағы заңдылықтың сақталуына талдау жүргізді. Ведомство қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың өрескел бұзылғанын анықтады.
Атап айтқанда, инватакси қызметін көрсетпегеніне қарамастан, қызмет жеткізушіге негізсіз ақша қаражаты аударылған. Мемлекетке 5,3 миллион теңгені қайтару бойынша шаралар қабылданды, – деп хабарлады ведомство.
Прокуратура актісі негізінде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның шешімімен бөлім басшысы атқарып отырған лауазымына толық сәйкес еместігі туралы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.