Ақтауда полицейлер өз-өзіне қол салмақ болған ер адамды құтқарды

3 Сәуір 2023, 11:47
477
Бөлісу:
Ақтауда полицейлер өз-өзіне қол салмақ болған ер адамды құтқарды
Фото: polisia.kz

Ақтау полицейлері қайғылы жағдайдың алдын алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен апталық баспасөз мәслихатында ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді.

«Rose» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің бірінде ер адам өз-өзіне қол жұмсағысы келетіндігі туралы кезекші пультіне түнгі 12-де хабарлама түседі. Оқиға орнына патрульдік полиция наряды мен батальон инспекторлары барды. Көрсетілген мекенжайдағы дерек расталмады. Сол себепті полиция қызметкерлері өзге де пәтерлерді тексере бастаған. Олар ашық тұрған есіктердің біріне кіріп, күмәнді дыбыс естіген. Пәтерден жуынатын бөлмеде ақжаймаға асылғалы жатқан ер адамды көреді, - деп атап өтті ведомство өкілі.

Осылайша, полиция қызметкерлері ер адамды құтқарып қалды.

Ер адам жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды. Тәртіп сақшылары «жедел жәрдемге» ауруханаға дейін ілесіп барды, - деді Шұғыла Тұрлыбек.

Еске сала кетейік, бұған дейін жүз келіден астам есірткі сақтаған ақтөбелік ұсталғаны туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы