Ақтау маңында жануарларға қатыгездік көрсету дерегі тіркелді. Жүкті итке белгісіз адамдар пышақ жарақатын салып, салдарынан ол ветеринарлық клиникада көз жұмды. Бұл туралы жергілікті зооқорғаушылар мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Олардың айтуынша, ит ВСО-1 кенті маңында өмір сүрген және тұрғындарға зиянсыз, жуас жануар ретінде белгілі болған.
Жараланған итті еріктілер тауып, ветеринарлық көмек көрсетуге тырысқан. Алдымен мамандар эвтаназия жасауды ұсынғанымен, кейін жануар Ақшұқыр ауылындағы ветеринарлық клиникаға жеткізілген. Алайда ауыр жарақат салдарынан оны аман алып қалу мүмкін болмаған.
Ветеринарлардың мәліметінше, жарақат пышақпен салынған. Соның салдарынан жануардың ішкі ағзалары, оның ішінде жатыры қатты зақымданған. Иттің 12 күшігі болған, олардың төртеуі ғана тірі қалған. Қалған күшіктерді зооқорғаушылар басқа итке емізу арқылы аман алып қалуға тырысып жатыр.
Қоғам белсенділері кінәлілерді анықтап, жауапкершілікке тартуды талап етуде.
Сонымен қатар, зооқорғаушылар өңірде мұндай қатыгездік жағдайларының жиілеп кеткенін айтып, тиісті органдардан шара қабылдауды сұрайды.