Ақсудағы әлеуметтік нысандар құрылысында олқылықтар анықталды

12 Шілде 2023, 09:00
637
Бөлісу:
Ақсудағы әлеуметтік нысандар құрылысында олқылықтар анықталды
PHOTO
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаттары Амантай Жарқынбек пен Нұржан Әшімбетов жұмыс сапарымен Павлодар облысына барып, Ақсу қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәжілісмендер Ақсу қаласына қарасты Пограничник ауылына сапары барысында проблемалық нысанға айналған фельдшерлік амбулатория мен дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін аралады. Қазірдің өзінде олардың құрылысы бекітілген кестеден кешігіп жатыр. Амбулатория мердігері оның мерзімінде іске қосылатынын айтты. Дегенмен, депутаттардың пікірінше, жоба толықтыру мен түзетуді қажет ететіндіктен, жұмыс көлемі артуы мүмкін.

Фельдшерлік амбулатория аумағын абаттандыру толығымен қамтылуға тиіс. Бұл жерде ол қарастырылмаған. Жобаны осы кезеңде қайта қарау керек деп есептейміз, – деді Амантай Жарқынбек.

Нұржан Әшімбетов дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің мердігері құрылыс алаңында жоқ екенін атап өтті.

Ақсудағы әлеуметтік нысандар құрылысында олқылықтар анықталды

Мердігер – «ГрадСтрой» серіктестігі. Ол облыстағы әлеуметтік нысандарды салу және жөндеу бойынша көптеген тендерді ұтып алған. Жергілікті мемлекеттік органдар онымен былтырдан бері соттасып келеді. Бұл ретте мердігер ұйымның өзі орнында жоқ. Барлық жұмыс қосалқы мердігерлерге берілді, – деді Мәжіліс депутаты.

Сонымен қатар депутаттар Ақсу қаласындағы магистральдық және таратушы жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Желілерде және №7 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары кестеге сай жүргізіліп жатыр.

Ақсудағы әлеуметтік нысандар құрылысында олқылықтар анықталды

Мәжілісмендер Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында құрылысы 2021 жылы басталған Мұз сарайында да болды. Бүгінде оның іргетасы ғана құйылған, құрылыс әлі созылып жатыр.

 Қаражат бөлініп, мұз айдынын салу үшін мердігер компания анықталған. Бірақ жергілікті билік нысанды аса қажет емес деп тауып, құрылыс тоқтатылыпты. Қазір бұл нысанды жеке бақылауыма алып жатырмын, – деді Нұржан Әшімбетов.

Сапар соңында депутаттар азаматтарды қабылдап, талап-тілектерін тыңдады. Тұрғындар жайылым жерлерге қатысты сауалдарын қойды.

Өзгелердің жаңалығы