Ақсуда «Туған қала» жобасы шеңберінде 16 жаңа нысан пайда болды

10 Қазан 2022, 19:37
1055
Бөлісу:
Ақсуда «Туған қала» жобасы шеңберінде 16 жаңа нысан пайда болды

Ақсу қаласында «Туған қала» жобасы бойынша тұрғындардың идеялары бойынша жаңа 16 нысан пайда болды, дап хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

ERG компаниялар тобы компаниялары бұл игілікке 80 млн. теңге жұмсаған. Айта кетейік, екі жыл бойы жүзеге асырылып келе жатқан «Туған қала» жобасы шағын қаланы абаттандыруды көздейді. Мақсатқа қол жеткізу үшін қалалықтардың идеялары қабылданды. Мамандардың айтуынша, тұрғындар арнайы порталға өз жобаларын жібереді де, келесі кезеңде дауыс беру жүргізіледі. Өткен жылы үздік 16 жоба анықталып, іске асырылған.

Ақсуда қоршаған ортаға, қаланың болашағына бейжай қарамайтын халық көп. Біз бірге туған шаһарымызды көрікті, қауіпсіз және әдемі ете аламыз. Мақсатымызға қол жеткізу үшін бізге қала құраушы екі кәсіпорын қолғабыс жасап жатыр, - дейді қала әкімі Нұрлан Дүйсембинов.

Осы күнге дейін жоба аясында жаңа балалар алаңдары, спорттық алаңдар, тротуар жолдар, қоғамдық дәретхана, аялдама павильоны бой көтерді. Сонымен қатар, қалалық Жағажай мен қайық станциясы абаттандырылды. Жергілікті тұрғындардың бастамасымен Ертістің табаны тазартылып, шомылу орны пайда болды. Қарапайым шомылу орны мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де қолжетімді болды. 

Арбамен қозғалатын ақсулықтар жағажайға жиі келмейді. Себебі, инклюзивтік жағынан қолайсыз. Олар үшін бұл – үлкен мәселе. Биыл проблема шешілді. Мүмкіндігі шектеулі тұрғындар үшін жатын орындар, жолдар, суға түсу орна абаттандырылды. Қауіпсіздікке де баса назар аудардық. Арнайы қоршаулар салынды, - дейді қала тұрғыны Асыл Әміров.

Қазіргі уақытта «Туған қала» жобасының екінші кезеңі басталды. Жеңімпаз идеялар 2023 жылы анықталады. Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға 100 млн. теңге бөлінеді деп күтілуде. 

Өзгелердің жаңалығы