- Мұқаба
- Жаңалықтар
- АҚШ Венесуэладағы мұнай үшін Қытай мен Ресейді ығыстырып жатыр ма?
АҚШ Венесуэладағы мұнай үшін Қытай мен Ресейді ығыстырып жатыр ма?
3 Қазан 2026, 15:20
Халықаралық қатынастар сарапшысы Таир Нигманов АҚШ президенті Дональд Трамптың Венесуэлаға қатысты саясатының астарында бірнеше себеп жатқанын айтты. Оның сөзінше, мұнда мұнайдан бөлек, АҚШ-тың Қытай мен Ресейді Венесуэладан ығыстыруға бағытталған геосаяси мүддесі де бар. Толығырақ BAQ.KZ тілшісі зерделеп көрді.
Трампты Венесуэла мұнайы қызықтырады
Сарапшының айтуынша, себептердің қайсысы маңыздырақ екенін нақты айту қиын, өйткені олардың әрқайсысының өзіндік салмағы бар. Соның бірі – мұнай.
«Әрине, Дональд Трампты мұнай қызықтырады. Ол бұл туралы ашық айтып жүр. Венесуэла мұнайын ешкім пайдаланбай отырған орасан зор байлық деп санайды. Оның сөзінше, АҚШ бұл мұнайдың бәрін алып, пайдаланбақ», – деді Таир Нигманов.
Сарапшының айтуынша, тамыздың соңы мен қыркүйектің басында осы бағытта даулы келісім жасалған. Оны Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва да сынға алған.
Келісім 100 жылға жасалған. Оның шарттарына сәйкес, АҚШ мұнай өндіретін компанияның 35% акциясын алады.
Компанияның директорлар кеңесінде міндетті түрде америкалық өкілдер болуы керек. Ал директорлар кеңесінің төрағасын америкалық тараптың келісімінсіз тағайындауға болмайды.
Сонымен қатар өндірілген мұнайдың 20%-ы АҚШ-қа өзіндік құнымен сатылуы тиіс. Қалған 80%-ын сатып алуда америкалық компанияларға басымдық беріледі.
«Жалпы, бұл шынымен де өзіндік ерекшелігі бар келісім. Дипломатиялық тілмен айтсақ, өте ерекше», – деді сарапшы.
АҚШ Қытай мен Ресейді Венесуэладан ығыстырғысы келеді
Таир Нигмановтың айтуынша, бұл мәселенің геосаяси жағы да бар. Бұған дейін Венесуэла мұнайын негізінен Қытайға сатып келген.
Бұл ретте сөз қазіргі мұнай көлемінің бәрін бірден АҚШ-қа беру туралы емес. Венесуэлада мұнай өндіру көлемін арттыру жоспарланып отыр.
Сарапшы АҚШ-тың қазіргі саясатын XIX ғасырда қалыптасқан Монро доктринасына қайта оралу ретінде бағалайды.
Ол кезде АҚШ Солтүстік және Оңтүстік Американы өзінің стратегиялық мүдделер аймағы деп жариялаған. Осы тұжырымдама бойынша Еуропа Америка құрлығының істеріне араласпауы, ал АҚШ Еуропаның ішкі мәселелеріне араласпауы керек деген ұстаным қалыптасты.
«Қытайды бірінші кезекте, Ресейді екінші кезекте Венесуэладан ығыстыру – қазіргі америкалық әкімшіліктің жалпы стратегиясындағы өте маңызды геосаяси фактор», – деді Таир Нигманов.
Венесуэладағы есірткі мәселесі де маңызды фактор
Сарапшы АҚШ-тың Венесуэлаға қатысты саясатына әсер ететін тағы бір фактор ретінде есірткі мәселесін атады.
Оның айтуынша, Венесуэла есірткі саудасына тартылған, есірткінің едәуір бөлігі осы елдің аумағы арқылы өткен немесе сол жерде өндірілген.
Ал Дональд Трамп үшін есірткімен күрес, әсіресе синтетикалық есірткі – фентанил мәселесі президенттік бағдарламасындағы негізгі бағыттардың бірі болған.
Қытай Венесуэладан ығыстырылды
Таир Нигмановтың сөзінше, АҚШ-тың мақсаты тек өз позициясын күшейту емес, Қытай мен Ресейді Венесуэладан ығыстыру.
Қазіргі уақытша президент Делси Родригес америкалық тарапқа жол бермеуге тырысып отыр. Сарапшының айтуынша, ол бұрынғы президенттің тағдырын ескере отырып, АҚШ-қа айтарлықтай жеңілдіктер жасауға асықпайды.
«Бүгін ғана олар Дональд Трамппен алғаш рет жеке кездесті. Бұл БҰҰ алаңында өтті. Делси Родригес кездесуді керемет деп бағалады, ал Дональд Трамп оған көптеген комплимент айтты», – деді ол.
Сарапшының айтуынша, Қытай компаниялары мен Қытайдың өзі ұзақ уақыт бойы Николас Мадуро режимінің негізгі тіректерінің бірі болды.
Венесуэлаға салынған ауқымды санкциялар жағдайында елдің мұнайын сататын нарық азайған кезде Қытай оның мұнайын сатып алған негізгі елдердің бірі болды.
«Шын мәнінде, Қытай Венесуэладан ығыстырылды деуге болады. Ресейге қатысты да осыны айтуға болады», – деді сарапшы.
Ресейдің Венесуэлаға қолдауы неге әлсіреді?
Алайда Таир Нигманов Ресейдің Венесуэладан ығыстырылуы Қытайдағыдай болған жоқ деп санайды.
Ол бірнеше жыл бұрынғы жағдайды еске салды. Сол кезде Венесуэлада президент сайлауынан кейін дау туып, билікке қатысты сұрақтар көбейген. Бірқатар Еуропа мемлекеттері оппозициялық саясаткер Хуан Гуайдоны президент ретінде мойындаған. Олардың пікірінше, сайлауда Гуайдо жеңіске жеткен.
Сол кездегі дағдарыс кезінде Ресей өз ұстанымының байыптылығын көрсету үшін Венесуэлаға әскери ұшақтарын жіберген. Бұл Мәскеудің өзіне достық көзқарастағы басшыны қолдайтынын көрсетуі еді.
Алайда қазір жағдай өзгерген.
«Украинадағы ұзаққа созылған соғыс аясында Венесуэла төңірегіндегі жағдай дамып жатқан кезде, соның ішінде адамды ұрлау оқиғасының алдында да, одан кейін де Ресей негізінен мәлімдемелермен ғана шектелді», – деді Таир Нигманов.
Оның айтуынша, Ресей тарапынан бұған дейін де, кейін де бұрынғыдай батыл қолдау қадамдары байқалмады. Себебі қазіргі таңда Ресейдің мүддесі, басымдықтары мен назарындағы мәселелер басқа.
Сарапшы мұны АҚШ-тың Монро доктринасына қайта оралу саясатының бір көрінісі деп бағалайды.
Венесуэла мұнайы әлемдік нарыққа қашан шығады?
Дональд Трамп Венесуэла мұнайын нарыққа шығарудың тағы бір себебі ретінде мұнай бағасын төмендетуді және ең алдымен америкалық азаматтар үшін бензинді арзандатуды атайды.
Алайда мұнайдың халықаралық нарыққа нақты қашан шығатыны – үлкен мәселе.
Себебі Уго Чавес пен кейін Николас Мадуро басқарған ондаған жыл ішінде Венесуэланың мұнай өнеркәсібі айтарлықтай әлсіреді. Қазір бұл салаға орасан зор инвестиция қажет.
Дональд Трамп америкалық компаниялар Венесуэлада мұнай өндіруге қатысу үшін кезекке тұрып жатқанын айтқан. Бірақ сарапшы мұндай мәлімдемелердің бір бөлігі саяси риторика болуы мүмкін екенін атап өтті.
Ең басты мәселе – америкалық компаниялардың қаншалықты шын мәнінде қызығушылық танытып отырғаны және Венесуэла мұнай өнеркәсібіне қанша қаржы салуға дайын екені.
«Ол жерге өте көп ақша салу керек. Әңгіме миллиардтаған доллар туралы болып отыр», – деді Таир Нигманов.
Сондықтан екі сұрақ ашық қалып отыр. Біріншісі – Трамп сипаттап отырған америкалық компаниялардың қызығушылығы қаншалықты нақты. Екіншісі – бұл өндіріс қаншалықты тез қалпына келіп, жұмыс істей бастайды.
Мұнайдың үлкен қоры бірден нарыққа шықпайды
Сарапшының пікірінше, бұл мәселе алдағы бірнеше айдың ішінде шешіле қоятын нәрсе емес.
Ол Венесуэлада шамамен 65 триллион баррель мұнай бар деген санды еске алды, бірақ нақты көрсеткішті қосымша тексеру қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, сөз өте ауқымды мұнай қоры туралы болып отыр, тіпті АҚШ қорынан да көп деген бағалау бар.
Алайда бұл мұнайдың барлығы халықаралық нарыққа бірден шыға қоймайды.
«Мұның бәрі нарыққа қашан түседі деген сұрақтың жауабы – өте ұзақ уақыт. Бұл жақын арада болатын нәрсе емес», – деп қорытындылады Таир Нигманов.
Ең оқылған:
Мақпал ОРЫНБЕК