АҚШ әкімшілігі биыл Венесуэла мен Иракты Мұнай экспорттаушы елдер ұйымынан (ОПЕК) шығу мүмкіндігін қарастыруға шақырған. Сондай-ақ Вашингтон Венесуэланың ұйымға мүшелік жарнасын төлеуіне кедергі келтірген. Бұл туралы Reuters агенттігі жағдайдан хабардар он дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.
Агенттіктің мәліметінше, АҚШ екі елдің де мұнай өндірісі мен инвестиция көлемін арттыруды көздеген. Алайда ОПЕК белгілеген өндіріс шектеулері бұл жоспарларға кедергі келтіруі мүмкін деген қауіп болған.
Дереккөздердің айтуынша, Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Венесуэланың ұйымнан шығуына қатысты мәселеге араласып, АҚШ әкімшілігін жағдайды ушықтырмауға көндірген. Ал Ирак премьер-министрі Али Фалех әл-Заиди АҚШ өкілдерімен келіссөзден кейін ОПЕК-тен шығу мүмкіндігін Үкімет отырысында көтерген. Дегенмен елдің Мұнай министрлігі ұйым құрамында қалуды және мұнай өндіру квотасын арттыруға ұмтылуды ұсынған.
Reuters дерегінше, Вашингтон Венесуэланың мемлекеттік қаражатына қол жеткізуін бақылап отыр. Ал Ирактың мұнай сатудан түсетін кірісі 2003 жылдан бері Нью-Йорктің Федералды резервтік банкіндегі шот арқылы өтеді.
АҚШ Мемлекеттік департаменті Венесуэланың мүшелік жарнасын төлеуіне кедергі келтіргені туралы сұраққа тікелей жауап бермеген. Ведомство өкілі төлем өтініштері қарастырылатынын мәлімдеген.
ОПЕК 1960 жылы Ирак, Иран, Сауд Арабиясы, Кувейт және Венесуэланың бастамасымен құрылған. Қазір ұйымға 11 мемлекет мүше. Соңғы жылдары оның құрамынан бірнеше ел шықты. Ангола 2024 жылы, Эквадор 2020 жылы, Катар 2019 жылы ұйымнан кеткен. Ал Біріккен Араб Әмірліктері биыл мүшелігін тоқтататынын жариялаған.
ОПЕК дерегіне сәйкес, Венесуэла биыл қыркүйекте тәулігіне шамамен 1,2 млн баррель мұнай өндірген. Мемлекеттік PDVSA компаниясы бұл көрсеткішті 2027 жылдың соңына дейін 1,5 млн баррельге жеткізуді жоспарлап отыр.
Reuters дереккөздерінің мәліметінше, ОПЕК Венесуэланы төленбеген жарнасы үшін ұйымнан шығаруды жоспарлап отырған жоқ.