Қазақстанның соңғы жаңалықтары

АҚШ-тың тариф саясаты кімді тығырыққа тіреді

8 Мамыр 2025, 12:08
647
Бөлісу:
 Getty Images
Фото: Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамп жариялаған жоғары тариф саясаты ел экономикасына ауыр соққы болып тиіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Қытайдан әкелінетін тауарларға салынған 245%-ға дейінгі баж салықтары америкалық тұтынушылар мен кәсіпкерлерге бағаның күрт өсуі, сұраныстың төмендеуі және жалпы экономикалық баяулау ретінде әсер етті.

АҚШ-тағы SmartScout компаниясының мәліметінше, 9 сәуірден бері Amazon платформасындағы 930 тауардың бағасы орта есеппен 29%-ға өскен. Бұл өзгерістер киім, электроника, зергерлік бұйымдар мен ойыншықтар сияқты кең тұтыну салаларын қамтыды. Қытайдан келетін тауарларға тәуелділіктен қауіптенген америкалықтар азық-түлік пен тұрмыстық техника сатып алуға жаппай кірісті, алайда қымбат заттардан, мысалы, iPhone секілді өнімдерден бас тартуға мәжбүр болды.

The Rising Nepal басылымының хабарлауынша, мұның соңы – АҚШ экономикасының 2025 жылдың алғашқы тоқсанында 0,3%-ға қысқаруы және тұтынушылық шығынның 1,8%-ға ғана өсуі болды. Бұл – соңғы екі жылдағы ең баяу көрсеткіш. Нью-Йорк Федералды резервінің басшысы Джон Уильямс инфляция биыл 4%-ға дейін жетуі мүмкін екенін ескертті.

Осы тығырықтан шығу үшін Вашингтон енді бірнеше деңгейлі тариф жүйесін қарастырып жатыр. Жоспар бойынша, стратегиялық маңызы жоқ тауарларға 35%-дық, ал жартылай өткізгіштер мен жасанды интеллект құрылғыларына 100%-ға дейін тариф белгіленуі мүмкін.
Алайда Қытай бұған да бейімделіп жатыр. 2018 жылғы сауда соғысынан кейін Қытай экономикасы 35 негізгі технологияның 22-сін дербес игеріп үлгерді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қытайдың STAR нарығындағы 84 компанияның 62%-ы 2024 жылы табысын 20%-дан астамға арттырған. Ең үлкен өсім жартылай өткізгіштер, фармацевтика және робот техникасы салаларында байқалды.

Батыс санкцияларына жауап ретінде Қытай ішкі нарықты қолдау шараларын күшейтіп, әлеуметтік көмек пен тұтыну сұранысын арттыру мақсатында жаңа субсидиялар мен реформалар енгізіп жатыр. Бұл – ұзақ мерзімді технологиялық тәуелсіздікке ұмтылудың бір бөлігі.
Ал АҚШ-та болса, сарапшылар жаңа тарифтердің жасанды интеллект саласына қауіп төндіретінін айтуда. SemiAnalysis зерттеу тобының дерегінше, экономикалық белгісіздік АҚШ-тың AI көшбасшылығына үлкен қауіп төндіруі мүмкін.

Бұған дейін АҚШ пен Қытай шенеуніктері әлемнің екі ірі экономикасы арасындағы сауда соғысын жеңілдету үшін осы аптада келіссөздерді бастайтынын жаздық. 

Тараптар өкілдерінің кездесуі Швейцарияда өтеді. Қытай тарапынан ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Хэ Лифэн, ал Вашингтон тарапынан отырысқа АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент пен АҚШ Сауда өкілі Джемисон Грир қатысады.

Өзгелердің жаңалығы