АҚШ-тың енгізген экспорттық салығы Қазақстан тауарларының 95 пайызына әсер етпейді. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналист үкіметте өткен брифингте Бектеновке "Жақында АҚШ президенті Қазақстан тауарларына 25% салық салатынын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге қатысы пікір білдірген еді. Алайда Трамп тарифтеріне қарсы кейбір ел жауап ретінде АҚШ-тан келетін тауарларға баж салығын көтеріп жатыр. Осыны ескерсек, Қазақстан АҚШ тауарларын баж салығын көтеруді жоспарлап отыр ма?" деп сауал қойды.
Бірден айтайын, ондай жоспар жоқ. АҚШ-тың жаңа ережелеріне тоқталайын. Біздің АҚШ-қа жіберетін экспорттың жалпы көлемінің 95 пайызы осы жаңа ережеге жатпайды. Сондықтан біз бұл қадамның экономикамызға ауқымды кері әсерін күтпейміз, ол болмайды да, – деді Бектенов Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте.
Премьер-министрдің айтуынша, Қазақстан америкалық тараппен келіссөздер жүргізуге әрдайым дайын және қазіргі таңда бұл жұмыс жүріп жатыр.
Еске салайық, Үкіметте Премьер-министр Олжас Бектенов және оның орынбасарларының қатысуымен БАҚ өкілдері үшін баспасөз брифингі өтіп жатыр.
Бұған дейін Бектенов экономикалық өсімді сақтау үшін тапсырмалар берген еді.