АҚШ-тағы бай тұрғындар Дональд Трамптың экономикалық саясатына байланысты өз активтерін әртараптандыру мақсатында Швейцария банктерінде шот аша бастады. Бұл туралы NBC News Швейцариялық қаржы ұйымдарына сілтеме жасап мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Басылымның мәліметінше, ауқатты америкалықтар өз инвестициялық портфелін "америкасыздандыру" аясында шетелге шығаруға тырысып жатыр. Олар долларлық активтерін әртүрлі елдерге таратып, Еуропада қаржылық «қосалқы аэродром» құруды көздейді.
Alpen Partners International консалтингтік фирмасының бас директоры Пьер Габристің айтуынша, бұл үрдіс толқын-толқын болып жүреді, ал қазіргі жаңа ағынның себебі — баж салығы.
Айта кетейік, 15 сәуірде Дональд Трамп жаңа баж салықтарының түсімдері табыс салығын алмастыра алатындай деңгейге жетуі мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Бұған қоса, Қытайдан келетін тауарларға салынатын баж салығы 125%-дан 145%-ға дейін өсті.