АҚШ-тың 7 штатында қатты бұрқасын соқты

Кеше, 20:31
257
Бөлісу:
АҚШ-тың 7 штатында қатты бұрқасын соқты
Фото: BAQ.KZ архив

Жер бетінде ауа температурасы жылдан жылға жоғарылап барады. Ғаламдық орташа температура алғаш рет 1 жарым градусқа артты. Соның кесірінен табиғат тепе-теңдігі бұзылып, алапат апаттар қалыпты құбылысқа айналды, деп хабарлайды BAQ.KZ Хабар24-ке сілтеме жасап.

Былтыр әрісі Еуропа мен берісі Азия халқы бұрын-соңды болмаған тасқын, дауыл, өрт пен құрғақшылықтың куәсі болды. БҰҰ мамандары: "Ғасыр соңында ғаламдық орташа температура 3 градусқа жоғарылауы мүмкін", - деп дабыл қағып отыр. 

Ал биыл жаһан жұртын қандай күн райы күтіп тұр? Сарапшылар қандай болжам жасады? 

2024 жыл тарихта ең ыстық жыл ретінде тіркелді. Биыл да жаһандық жылыну осы қалыпта жалғасады, - дейді сарапшылар. 

Күннің қатты ысуына Тынық мұхитында су температурасының жоғарылауы себеп. Бұл құбылыс Эль-Ниньо деп аталады. Ал мұхит суының салқындауынан Ла-Нинья құбылысы қарқын алады. Қазір Ла-Ниньяның әсерінен ғаламның біраз аймағында қыс қаһарына мініп, сарышұнақ аяз келді. 

Оның салдары әсіресе Американың ауа райына әсер етіп отыр. АҚШ-тың 7 бірдей штатында күн күрт суытып, қатты бұрқасын соғып, қалың қар түсті. Бұл кейінгі он жылда болмаған құбылыс. Синоптиктердің айтуынша, экстремалды ауа райы Арктикадағы полярлық құйыннан туындаған. Қазір бұл аймақтарда қатты суықтан жолдар жабылып, мыңдаған рейс кейінге шегерілді. Білім беру ұйымдары уақытша жұмысын тоқтатты. Миллиондаған америкалық зардап шеккен. 

Америкалықтар 2011 жылдан бері мұндай үскірік аязға алғаш рет куә болып отыр. Қаңтар айы, меніңше, АҚШ халқы үшін ең суық ай ретінде тіркеледі, - деді метереолог-сарапшы Пол Пастелок.

Өзгелердің жаңалығы