АҚШ-та хантавирусқа байланысты сирек жағдай тіркеліп, круиздік кемеден эвакуацияланған жолаушылар карантинге алынды. Денсаулық сақтау органдары халық үшін жұқтыру қаупі «өте төмен» екенін мәлімдегенімен, АҚШ-тан келген 18 адам мұқият бақылауға алынған, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
Голландия туы астындағы MV Hondius круиздік кемесінде Андес хантавирусына оң нәтиже берген бір жолаушы анықталған. Тағы бір адамда жеңіл симптомдар байқалған. Осыдан кейін Испаниядағы Канар аралдарында тоқтаған кемедегі 90-нан астам жолаушы елдеріне қайтарылған.
Ал АҚШ азаматтарының бір бөлігі Атлантада, 16 адам Небраска штатындағы ұлттық карантин орталығына жеткізілген. Мамандар олардың жағдайын тұрақты бақылап отыр.
Небраска губернаторы Джим Пилленнің айтуынша, карантиндегі адамдардың қоғамға қауіп төндіруі мүмкін емес.
АҚШ Денсаулық сақтау және халыққа қызмет көрсету департаментінің өкілдері де инфекция қаупі өте төмен екенін қайталап, вирустың таралуы үшін ұзақ әрі тығыз байланыс қажет екенін атап өтті.
Дегенмен, сарапшылар кейбір хантавирус түрлері сирек жағдайда адамнан адамға жұғуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Қазір науқастардың жағдайы бақыланып, қосымша зерттеулер жүргізілуде.