АҚШ Қаржы министрлігі бірқатар беделді басылымдардың журналистеріне G20 елдері Қаржы министрлері мен Орталық банк басшыларының кездесуін жариялау үшін аккредитация бермеген.
DW басылымының мәліметінше, аккредитациядан The New York Times, The Wall Street Journal газеттері мен Bloomberg агенттігінің жекелеген журналистері қағылған. Екі күндік кездесу 31 тамызда АҚШ-тың Солтүстік Каролина штатындағы Эшвилл қаласында басталды.
NYT журналистіне де аккредитация берілмеген
The New York Times басылымының жазуынша, оның экономика бөлімінің тілшісі Алан Раппепорт 2017 жылдан бері АҚШ Қаржы министрлігіне қатысты жаңалықтарды жариялап келеді. Осы уақыт ішінде ол G7 және G20 саммиттерінің он шақтысына жеке өзі қатысқан.
Журналистің бұл жолы аккредитациядан өтпегеніне түсініктеме берген басылымның баспасөз хатшысы Николь Тейлор бұл шешімді Дональд Трамп әкімшілігінің тәуелсіз журналистикаға қысым көрсету әрекеті деп бағалаған.
Оның айтуынша, бұл «тәуелсіз журналистиканың беделін түсіруге бағытталған кезекті әрекет қана емес, қоғамның бақылауынан жалтарудың ашық талпынысы».
Трамп пен «қолайсыз» БАҚ арасындағы текетірес
AFP агенттігінің хабарлауынша, «қолайсыз» деп танылған бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына кедергі келтіру – Дональд Трамптың президенттік мерзімінің екінші кезеңі басталғалы жүргізіп келе жатқан науқанының бір бөлігі.
АҚШ президенті The Wall Street Journal және The New York Times басылымдарына қарсы сотқа жүгінген. Ақ үйге оралғаннан кейін көп ұзамай ол АҚШ үкіметі қаржыландыратын шетелдік БАҚ-тарды басқаратын АҚШ-тың Жаһандық медиа агенттігіне (USAGM) бөлінетін қаражатты қысқартуға тапсырма берген.
G20 кездесуіне Германия қаржы министрі де қатысады
Эшвиллдегі G20 елдері қаржы министрлері мен орталық банк басшыларының кездесуіне Германияның Қаржы министрі Ларс Клингбайль да қатысады.
Іс-шара аясында ол Канада мен Үндістанның қаржы министрлерімен екіжақты келіссөздер өткізеді деп күтілуде.
Ал 1 қыркүйекте Клингбайль Оңтүстік Каролина штатындағы BMW зауытына баруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Германия Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.