АҚШ Президенті Donald Trump Вашингтон мен Тегеран арасындағы әскери іс-қимылдарды тоқтату жөніндегі келісімге жексенбі күні қол қою жоспарланғанын мәлімдеді. Бұл туралы ақпаратты BBC таратты.
Келісімге ертең қол қою жоспарланып отыр. Қол қойылғаннан кейін Ормуз бұғазы баршаға ашылады, – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.
Ол сондай-ақ Тегеранмен келісім жасалғаннан кейін Иранның жоғары байытылған уранын жоюды көздеп отырғанын айтты.
Барлығы тынышталған соң, қолайлы сәтте біз терең гранит таулардың астында көмілген ядролық материалдарды алып, оларды Иранда болсын, АҚШ-та болсын жоямыз. Біз Иранмен және бүкіл Таяу Шығыспен ұзақмерзімді ынтымақтастыққа үміт артамыз, – деп жазды Трамп.
Сонымен қатар ол Иранға қатысты күш қолдануға қайта жүгінуге тура келмейді деп сенетінін жеткізді.
Бұған дейін Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи АҚШ-пен әскери әрекеттерді тоқтату жөніндегі келісімнің жасалуына аз қалғанын және оның Ормуз бұғазын ашуды көздейтінін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздер кейінірек басталады.
Сондай-ақ Пәкістан премьер-министрі де АҚШ пен Иран арасындағы келісім алдағы тәулік ішінде түпкілікті рәсімделуі мүмкін екенін хабарлады.