АҚШ Қаржы министрлігі Иранға қарсы санкциялық тізімін кеңейтті. Шектеу шаралары Иранның төрт азаматына, түрлі елдерде тіркелген 16 компанияға және 12 танкер мен газ тасымалдаушы кемеге қатысты енгізілді. Бұл туралы АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы — OFAC мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Министрлік мәліметінше, санкциялар Иран мұнайын заңсыз сатуға, сондай-ақ баллистикалық зымырандар мен заманауи қару-жарақ өндірісіне қатысы бар 30-дан астам жеке және заңды тұлғаға, сондай-ақ кемелерге қарсы бағытталған. Бұл шаралар Иранға қатысты "ең жоғары қысым" саясаты аясында қабылданған.
Санкцияға іліккендердің қатарында Иранның «көлеңкелі флоты» деп аталатын кемелер де бар. АҚШ билігінің мәлімдеуінше, олар иран мұнайын шетелдік нарықтарға жеткізіп, қару-жарақ бағдарламаларын және өзге де бағыттарды қаржыландыруға табыс әкеледі.
Сонымен қатар шектеулер Ислам революциясы сақшылары корпусы мен Иран Қорғаныс министрлігіне қажетті зымыран өндірісіне арналған компоненттер мен жабдықтарды жеткізуге қатысы бар желілерге де қатысты енгізілді.
Айта кетейік, бұған дейін Оман СІМ Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздердің жаңа кезеңі Женевада өтетінін хабарлаған. Тегеран ядролық бағдарламасы бойынша белгілі бір жеңілдіктерге баруға дайын екенін, алайда санкцияларды алып тастауды және уран байыту құқығын мойындауды талап ететінін мәлімдеген.