Вашингтон әкімшілігі Иранның бұғатталған активтерін Парсы шығанағындағы одақтас елдерге келтірілген шығынды өтеу мақсатында пайдалануды қарастырып жатыр. Бұл туралы Reuters агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Агенттік мәліметінше, АҚШ билігі Иран активтерін Парсы шығанағындағы серіктес мемлекеттерге қолдау көрсетуге, қалпына келтіру жұмыстарын қаржыландыруға және келтірілген залалды өтеуге бағыттауды көздейді.
Сонымен қатар Вашингтон Иран қаражатын тікелей шығындарды өтеу тетігі ретінде пайдалану мүмкіндігін де қарастырып отыр. Осы мақсатта АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессентке Иранның аймақтағы мемлекеттерге келтірген залалына қатысты бағалау жүргізу тапсырылған. Алайда сөз болып отырған активтердің нақты көлемі мен орналасқан жері әзірге жарияланған жоқ.
Еске салсақ, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастаған болатын. Бұған жауап ретінде Иран Израильге және АҚШ-тың Таяу Шығыстағы бірқатар әскери нысандарына соққы жасап, қарсы операция жүргізгенін мәлімдеді.
Сондай-ақ Тегеран Ормуз бұғазын АҚШ, Израиль және Иранға қарсы әрекеттерді қолдаған елдермен байланысты кемелер үшін жабу туралы шешім қабылдаған. Ормуз бұғазы арқылы әлемдік мұнай саудасының шамамен 25 пайызы және сұйытылған табиғи газдың 20 пайызы тасымалданады.