Трамп әкімшілігі жарты ғасырдан астам уақыт бойы қолданылып келген тәжірибені өзгертетінін мәлімдеді. Енді АҚШ-та жүрген және тұрақты тұруға рұқсат (грин-карта) алғысы келетін шетел азаматтары өз еліне оралып, өтінішті сол жақтан тапсыруы тиіс.
Бұл жаңалық иммиграциялық адвокаттар, құқық қорғау ұйымдары және мигранттар арасында алаңдаушылық туғызды.
АҚШ Азаматтық және иммиграция қызметі (USCIS) елде уақытша жүрген шетелдіктер – студенттер, еңбек мигранттары мен туристер – АҚШ-тан шығып, грин-картаға өтінішті шетелден беруі қажет екенін мәлімдеді. Тек «ерекше жағдайларда» ғана бұл талаптан босатылуы мүмкін, мұндай шешімді ведомство қызметкерлері әр өтініш бойынша жеке қабылдайды.
Шетел азаматтары АҚШ-қа белгілі бір мерзімге және нақты мақсатпен келеді. Жүйе олардың рұқсат мерзімі аяқталған соң елден кетуіне негізделген. Уақытша сапар грин-карта алудың алғашқы қадамына айналмауы тиіс, – делінген USCIS мәлімдемесінде.
Байден әкімшілігі кезінде USCIS кеңесшісі болған Даг Рэндтің айтуынша, жыл сайын АҚШ-та жүрген шамамен 600 мың адам грин-картаға өтініш береді. Бұған дейін заңды мәртебесі бар шетел азаматтары, соның ішінде АҚШ азаматтарының жұбайлары, жұмыс және студенттік виза иелері, босқындар мен саяси баспана іздеушілер елден шықпай-ақ тұрақты тұруға рұқсат рәсімдей алатын.
USCIS жаңа ереженің нақты қашан күшіне енетінін және қазіргі қаралып жатқан өтініштерге әсер ете ме, жоқ па – әзірге нақтыламады. AP агенттігіне берген жазбаша түсініктемеде ведомство «экономикалық пайда әкелетін» немесе «ұлттық мүддеге сай әрекет ететін» тұлғаларға өтініш қаралған кезеңде АҚШ-та қалуға рұқсат берілуі мүмкін екенін айтқан.
Иммиграциялық заңгерлер мен құқық қорғаушылар бұл өзгерісті сынға алды. Олардың айтуынша, кейбір шетел азаматтары қауіпсіздік себептерімен немесе өз елінде АҚШ елшілігінің болмауына байланысты еліне қайта алмайды. Мысалы, Ауғанстандағы АҚШ елшілігі 2021 жылдың тамызынан бері жабық. Сонымен қатар, АҚШ консулдықтарында визаға жазылу кезегі бір жылдан асып кеткен жағдайлар бар.
Егер отбасыларға шетелдік жұбай визаны рәсімдеу үшін өз еліне оралуы керек деп айтылса, бірақ ол жерде виза берілмесе, бұл тұйық жағдайға әкеледі. Мұндай саясат отбасылардың белгісіз мерзімге айырылуына себеп болуы мүмкін, – деп мәлімдеді World Relief гуманитарлық ұйымы.
Жаңа ереже Трамп әкімшілігінің иммиграциялық саясатты күшейту бағытындағы кезекті қадамы болды. Бұған дейін ондаған ел азаматтарына кіруге шектеу қойылып, кейбір визаларды қарау уақытша тоқтатылған еді.