АҚШ Ирандағы соғысқа байланысты кейбір еуропалық елдерге қару-жарақ жеткізуді кейінге қалдыруы мүмкін. Бұл туралы Reuters агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәліметке сәйкес, кешігулер Балтық және Скандинавия елдеріне әсер етуі ықтимал. Әңгіме бұрын жасалған келісімшарттар аясында жеткізілуі тиіс, бірақ әлі жөнелтілмеген қару-жарақ туралы болып отыр.
АҚШ шенеуніктері мұны Таяу Шығыстағы әскери операцияларға байланысты қару мен оқ-дәрі қорларының азаюымен түсіндіреді. Осыған байланысты бірқатар жеткізілімдерді қайта қарау мәселесі көтерілген.
Еуропалық тарап болса, мұндай кідірістер аймақтың қорғаныс қабілетіне кері әсер етуі мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдірген.
Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай АҚШ-тың әскери ресурстары бірнеше бағыттағы қақтығыстарға қатар жұмсалып жатқанын көрсетеді.