Ақсақалов екі аудандағы су тасқынының салдарын жою жұмыстарымен танысты

19 Сәуір 2024, 15:02
438
Бөлісу:
Ақсақалов екі аудандағы су тасқынының салдарын жою жұмыстарымен танысты
Фото: Қостанай облысының әкімдігі

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Амангелді және Жангелдин аудандарындағы су тасқынының салдарын жою жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жолдың зақымдануы:
Облыстық маңызы бар "Арқалық-Торғай" автожолында (Тәуіш ауылы маңында) екі факт тіркелді:
228 км, ені 50-ден 100 метрге дейін және тереңдігі 150-200 см;
ені мен тереңдігі осы қалыпта 239 км.

2024 жылғы 11 сәуір сағат 17:00-ден бастап осы учаскедегі барлық көлік түрлері үшін қозғалыс шектелген.
Гуманитарлық көмек:

Жаркөл ауылдық округінің тұрғындарына азық-түлік пен қажетті тауарларды қоса алғанда 12 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді.

Су тасқыны басталғаннан бері Тәуіш ауылына шаруа қожалықтары мен қалған тұрғындарды электр энергиясымен қамтамасыз ететін 23 генератор жіберілді.

Қосымша генераторлар мен азық-түлікке қажеттілік жоқ.

Электрмен жабдықтауды қалпына келтіру:

2024 жылғы 17 сәуірдегі жағдай бойынша 29 елді мекенде электрмен жабдықтау жаңартылды. Қалпына келтіру жұмыстарына 160 адам және 52 бірлік техника жұмылдырылды. Су тасқыны кезінде өңірде электр желілерінің 1 414 тірегі зақымданған, оның ішінде 52 жоғары вольтты. Су тасқыны басталғаннан бері 54 елді мекен электр қуатынсыз қалды. Қазіргі уақытта барлық ірі елді мекендерде электрмен жабдықтау қалпына келтірілді. 25 шағын ауыл шектеулі электрмен жабдықталуда, олардың 11-і әлі де жарықсыз, - делінген хабарламада.

Электрмен жабдықталмаған елді мекендер(2024 жыл 17 сәуірдегі жағдай):
* Арқалық қ.: 2 ауылдық елді мекен (Екідің, Қызылжұлдыз);
* Амангелді ауданы: 1 елді мекен (Қабырға);
* Жангелдин ауданы: 8 ауылдық елді мекен (Сарысу, Тентексай, Тоқанай, Южный, Ақкөл, Түйемойнақ, Ақшығанақ, Тәуіш).

Облыс әкімі тиісті сала басшыларының алдына су тасқыны салдарын жедел жою бойынша нақты міндеттер қойды. Зардап шеккен аудандардың тұрғындарына барлық қажетті көмек көрсету жалғасуда. Елді мекендерді мүмкіндігінше қалыпты өмірге қайтару үшін бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Өзгелердің жаңалығы