Бүгінде ақпараттық кеңістік халық көңіл-күйінің барометрі іспетті. Соңғы жылдары биліктің халықпен коммуникациясында ілгерілеушілік бар. Мәселен, мемлекет өз ұстанымын түсіндіру үшін әлеуметтік желілерді, брифингтерді жиі пайдалана бастады.
Дегенмен, ақпараттық саясатта жеделдік және шынайылық жиі ақсайды. Қоғамды толғандырған оқиғаларға кешігіп үн қату немесе мүлдем назар аудармау – сенімге селкеу түсіретін жайт. Сондай-ақ, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында шығатын материалдардың мазмұны кейде тартымсыз, ресми тілде жазылған, бүгінгі аудиторияға әсер етпейді. Саясаттағы әртүрлі көзқарастарға орын беру мәселесі де бар, яғни толық еркін пікірталас ортасы әлі қалыптасқан жоқ. Мемлекет ақпараттық қауіпсіздік пен тұрақтылықты желеу етіп, кейде негізсіз цензураға жол береді деген сын айтылады . Мұның барлығы ақпараттық саясатты жаңа талаптарға сай бейімдеу қажеттігін көрсетеді.
️Жаңа тәсілдер және ұсыныстар:
Біріншіден, ақпараттық саясат тек біржақты насихат емес, диалог форматына көшуі тиіс. Әр министрлік пен әкімдік жанынан қоғамдық коммуникация жөніндегі шағын кеңестер құрып, оның құрамына журналистер, блогерлер, белсенді азаматтарды қосу қажет. Олар арқылы билік қабылдайтын шешімдердің қоғамдағы ықтимал реакциясын алдын ала болжап, қажет жағдайда түсіндіру тактикасын түзетуге болады.
Сондай-ақ, ресми тұлғалардың халық алдындағы есеп беру кездесулерін заманауи форматта (ашық форум, sity-hall кездесулер) өткізу қажет. Мұнда тұрғындар тікелей сұрақ қойып, нақты жауап алатындай жағдай жасалсын. “Ішкі саясат дегеніміз – ең алдымен халықпен тікелей жұмыс” деп Karin Erlan айтқандай, шенеуніктер кабинеттерден шығып, көпшілікпен бетпе-бет сөйлесуді үйренуі тиіс.
Бұл әсіресе дағдарыс не төтенше жағдай кезіндегі коммуникацияда маңызды – халық жауапты тұлғаны көріп, ашық диалогты сезінуі керек. Әзірге осыған ұқсас форматты Алматы қаласы мысалында көріп жүрміз. Ал басқа аймақтар ше?
Екіншіден, халыққа қатысты кез келген маңызды жаңалықты (төтенше оқиғалар, әлеуметтік-экономикалық шаралар, заңнама өзгерісі т.б.) бірінші болып мемлекеттік органдардың өзі жариялап отыруы қажет.
Ол үшін әр ведомствоның жедел хабар тарату алгоритмін бекіткен жөн: мәселен, белгілі бір оқиға бойынша 3 сағат ішінде ресми мәлімдеме жасау, 24 сағат ішінде баспасөз брифингін ұйымдастыру. Егер ақпарат кешігіп жетсе, бейресми дерек көздері нарықты жаулап алып, жалған ақпарат таралу қаупі туады. Дағдарыстық коммуникация жоспарларын әзірлеп, жауапты тұлғаларға тренингтер өткізу керек (әсіресе өңірлік деңгейде).
Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың баспасөз қызметтерін кәсіби кадрлармен күшейтіп, оларға жедел әрекет ету үшін дербестік беру қажет.
Мысалы, баспасөз хатшылары маңызды мәселелер бойынша жоғары басшылықтың ұзақ келісімін күтпей, алдын ала келісілген шекте өз бетінше ақпарат тарата алатын жүйе керек. Бұл жылдамдық пен сенімділікті арттырады.
Үшіншіден, қазіргі кезде халық арасында Telegram, Instagram, YouTube сияқты платформалар ең танымал ақпарат алу көздері. Осыны ескере отырып, мемлекеттік органдар дәстүрлі БАҚ-пен қатар, сандық медиа кеңістікте белсенді болу стратегиясын жалғастыруы тиіс. Әрбір облыс әкімі, министр, ұлттық компания жетекшісі әлеуметтік желілерде белсенді аккаунт жүргізіп, сұрақтарға жауап беретін үрдісті тұрақтыға айналдырған дұрыс.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметтердің барлық түрі бойынша ашық деректер мен түсіндірмелерді орталықтандыратын шартты түрдегі атауы «E-Explanation» тәрізді бірыңғай портал құру қажет. Бұл порталда әр жаңа заң немесе реформаның қарапайым тілмен түсіндірмесі, жиі қойылатын сұрақтарға жауабы, азаматтардың пікір қалдыру мүмкіндігі болсын. Мұндай ресурс қауесеттердің алдын алып, азаматтарға ресми ақпаратты тез және түсінікті түрде алуға жол ашады.
Төртіншіден, қысқа мерзімдік шара ретінде мектеп бағдарламасына және жастарға арналған оқу курстарына медиа сауаттылық негіздерін енгізу қажет. Азаматтар жалған ақпаратты шынайы ақпараттан ажыратуды, ақпарат көздерін талдауды үйренсе, сыртқы және ішкі ақпараттық қауіп-қатерлерге иммунитет қалыптасады.
Үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, фактілерді тексеретін тәуелсіз платформаларды (Factcheck.kz секілді) қолдауға грант бөлген абзал. Тәуелсіз фактчекерлердің ұсыныстарын ескеріп, жалған ақпарат таратқан сайттарды жабу емес, терістеу жағына басымдық беру қажет. Орта мерзімде бұл мәдениет қоғамда орнығып, ешбір фейк көпшілікті адастырмайтын жағдайға жеткізеді.
Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің озық жолы – қоғамның өзін ақпаратты сұрыптай алатын деңгейге көтеру.
Бесіншіден, ақпараттық саясаттың институционалдық аспектісі – мемлекеттік ақпарат құралдарын жаңғырту. Республикалық телеарналар, радиолар мен ақпарат агенттіктері бәсекеге қабілетті, жедел әрі тартымды контент ұсынуы керек. Ол үшін редакциялық саясатқа дербестік беріп, кәсіби мамандарды тарту, рейтингтік мотивация енгізу қажет.
Мысалы, “Қазмедиа” холдингін қайта құрып, оны қоғамдық кеңес бақылайтын, жартылай коммерциялық негізде жұмыс істейтін медиа үйге айналдыруды қарастырса болады. Бұл жерде BBC немесе NPR тәжірибесін үлгі етуге болады – мемлекеттік қаржыландыру алғанмен, редакциялық тәуелсіздік сақталуы тиіс. Ұзақ мерзімде мемлекеттік медиалар сапалы сараптамалық бағдарламалар, объективті жаңалықтар, ағартушылық жобалар арқылы халықтың сеніміне ие болуы қажет.
Егер өз медиамыз мықты болса, халық шетелдік (ресейлік не басқа) ақпарат көздеріне тәуелділікті азайтады. Демек, бұл ұсыныс тек ақпараттық саланы ғана емес, ақпараттық қауіпсіздікті де қамтамассыз етеді.