Ақмолалық оқушылар жаңа оқу жылында тегін тамақтанатын болады

1 Маусым 2023, 19:20
784
Бөлісу:
Ақмолалық оқушылар жаңа оқу жылында тегін тамақтанатын болады
Фото: Артём Чурсинов архив

Өңірде жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылады. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Шоқан Оразалин мәлімдеді, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Оның хабарлауынша, биыл білім беру саласының бюджеті 216,3 млрд теңгені құрады. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 27%-ға өсті. Соңғы үш жылда білім саласына бөлінген қаражат 58,7%-ға артып отыр. Мұндай айтарлықтай өсім негізінен педагогикалық қызметкерлердің жалақысы мен белгіленген қосымша төлемдердің өсуіне байланысты болды.

Өңірде 599 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Оның 258-і балабақша (мемлекеттік – 123, жекеменшік – 135), 341-і шағын орталық.

Қаржыландыру көлемі - 22,5 млрд теңге – жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі бойынша айқындалған. Осыған байланысты ауылдық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын жеткіліксіз қаржыландыру проблемасы туындап отыр. Олардың көбі шағын жинақталған ұйымдар. Бұл мәселені шешудің бір жолы – оларды ауыл мектептері жанындағы мектепке дейінгі шағын орталықтарға айналдыру. Соңғы үш жылда 21 мектепке дейінгі ұйым осындай өзгеріске ұшырады, - деп атап өтті басқарма басшысы Шоқан Оразалин.

Балаларды мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеумен толық қамтудың тағы бір жолы – қолданыстағы балабақшаларды ясли-балабақшаға айналдыру. Осылайша 48 балабақша қайта құрылды.

Биыл мектепке дейінгі балалар үшін 3 774 жаңа орын ашу жоспарлануда: 3 272 орынға арналған 30 мектепке дейінгі ұйым ашылып, 502 орындық 12 жұмыс істеп тұрған мекеме кеңейтілмек. 1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларды қамтуды ұлғайту үшін 12 балабақшаны қайта құру жоспарлануда.

2023 жылғы 1 шілдеден бастап облыста балабақшаларда халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан 1 000 баланың тамақтануына арналған шығыстарға өтемақы енгізіледі. Осы мақсатқа 101,3 млн теңге бөлінді. 1 426 орындық алты балабақшаның құрылысы жалғасуда, - деп нақтылады Шоқан Оразалин.

Қаржыландырудың ең көп көлемі – 139,8 млрд теңге – «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында жалпы білім беру» бағдарламасына тиесілі. Облыста 542 мектеп (536 мемлекеттік және алты жекеменшік) жұмыс істейді, онда 135 мыңнан астам оқушы білім алуда.

2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап облыстың 10 өңірінде 76 қалалық толық жинақталған мемлекеттік мектеп жан басына шаққандағы қаржыландыруға ауыстырылды. Мектептер 16 мыңнан астам мұғалімнен құралған педагогикалық кадрлармен толық қамтылған.

Аз қамтылған отбасылардан шыққан 17 мыңнан астам оқушы және барлық бірінші сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап облыс мектептерінде барлық бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Осы мақсатқа облыстық мәслихат сессиясының шешімімен 1,3 млрд теңге бөлінді, - деп қосты басқарма басшысы.

Ол атап өткендей, балалар мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл білім беру нысандарының ғимараттарынан қазандықтарды шығару процесі аяқталады. Осы мақсаттарға 31 ұйым үшін облыстық бюджет қаражатынан 875,9 млн бөлінді.

Мектеп жиһазын жаңартуға 300,8 млн теңге, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 44 білім беру нысанына 536,3 млн теңге бағытталмақ.

32 колледжде сұранысқа ие кадрлар даярланады, онда 20 мыңнан астам студент оқиды. Оның ішінде 16,7 (80%) мемлекеттік білім беру тапсырысы және нәтижелі жұмыспен қамтуды дамыту бағдарламасы бойынша білім алуда.

Облыс колледждеріне кадрлар даярлауға мемлекеттік тапсырыс аясында былтыр 5 800 адам қабылданды. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша кәсіптік білім беру колледждерін бітіргеннен кейінгі бірінші жылы жұмысқа орналастырылған түлектердің үлесі 70%-ды құрады.

Жан басына шаққандағы қаржыландыру шеңберінде тоғыз шағын ауылдық колледжде қаражат тапшылығы проблемасы орын алды. Қаржылық, кадрлық, материалдық-техникалық ресурстарды тиімді пайдалану үшін шағын контингенті бар, оның ішінде өңірдің жетекші колледждеріне қосылу жолымен колледждерді бейімдеу, ірілендіру талап етіледі. Егер толық жинақты колледждерде жылына бір маман даярлауға жұмсалатын орташа шығын 500 мың теңгені құраса, онда шағын жинақты колледждерде екі есеге жуық шығын жұмсалады. Мәселен, Қорғалжын ауылының агротехникалық колледжін қаржыландыруға 2022 жылы 207 млн теңге жұмсалды. Бұл ретте нормативтен тыс колледжге 40 млн теңге бөлінді. Биыл 248 млн теңге қаражат бөлініп, қосымша 61 млн теңге бағытталды, - деп түсіндірді Шоқан Оразалин.

Ол атап өткендей, ірілендірудің басты мақсаты кадрларды даярлау сапасын арттыру болып табылады. Бұл ретте студенттер контингенті оқуға түскен жері бойынша оқуын жалғастырады, педагогикалық және көмекші персонал біріккен колледжде жұмыс істейтін болады. Қысқарту тек әкімшілік, қаржылық және кадрлық блоктарға әсер етеді.

Өткен жылы Шортанды ауданы Бозайғыр кентінің колледж-мектеп-интернатының Көкшетау қаласындағы жоғары техникалық колледжіне қосылу рәсімі аяқталды. Ол агротехникалық бөлім ретінде жұмыс істейді. Мамандықтардың кең тізбесі бойынша талапкерлерді қабылдау жүзеге асырылуда. Материалдық-техникалық база нығайтылды, 90 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Облыста 51 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. 22 068 бала көркемдік-эстетикалық, сәндік-қолданбалы, жаратылыстану-ғылыми, техникалық, гуманитарлық, спорттық бағыттағы үйірмелерге қатысады. 542 жалпы білім беретін мектепте 107 мың бала қатысатын үйірмелер мен спорт секциялары жұмыс істейді, - дейді Шоқан Оразалин.

Балаларды қосымша біліммен қамтуды ұлғайту, үйірмелер спектрін кеңейту үшін өткен жылы қосымша мемлекеттік тапсырыс берілді. Бұл жобаға Ақкөл, Атбасар, Аршалы, Бурабай, Ерейментау, Есіл, Қорғалжын, Целиноград аудандарынан, Көкшетау, Қосшы қалаларынан 3281 орынға арналған 30 ұйым қатысты.

Биыл мемлекеттік тапсырысты іске асыру жалғастырылды. Облыс әкімдігінің қаулысымен ауылда бір балаға орташа құны айына 12 235 теңге, қалада – 15 217 теңге бекітілді. Өткен жылы қаржы лизингі шеңберінде 65 жаңа бірлік автокөлік сатып алуға өнеркәсіпті дамыту қорымен 3,3 млрд теңге сомасына шарт жасалды. 65 бірлік автокөлік жеткізілді. Аталған бағдарлама бойынша аудандық, қалалық білім бөлімдерін 1,3 млрд теңгеге қаржыландыру көзделген, - деп түйіндеді басқарма басшысы.

Өзгелердің жаңалығы