Ақмолалық өлкетанушылар Орынбарға барып қайтты

30 Маусым 2022, 14:00
2814
Бөлісу:
Ақмолалық өлкетанушылар Орынбарға барып қайтты
PHOTO

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздің Батыс өңірінің киелі жерлерін аралаған «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы бұл жолғы сапарында қазақтың алғашқы астанасы Орынборға да барып қайтты.

Ақмолалық өлкетанушылардың кезекті сапары жайлы экспедиция мүшесі, «Көкшетау» газетінің редакторы Гәкку Асылбекқызы айтып берді. 

Бұл жолғы экспедицияның мақсаты нені көздейді?

–12 маусым күні қасиетті Көкшетаудағы Абылай хан алаңынан еліміздің Батыс өңіріне аттанған «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы 8 500 шақырым жолды жүріп өтіп, елге аман-есен табан тіреді. Өңір басшысы Ермек Маржықпаев бұл игі бастамаға  қолдау білдіріп келеді. Жетекшісі – қоғам қайраткері, өлкетанушы, туған тарихына жанашыр жан Мұрат қажы Ыдырысұлы. Бұл жолы жол талғамайтын үш көлікпен 12 сапарласын алып шықты. Бұл еліміздің оңтүстік, шығыс, орталық өңірлерін қоса алғанда жасалған төртінші экспедиция. Тағы бір ерекшелігі, оның халықаралық сипат алуында, себебі экспедиция мүшелері бұл жолы қазақтың алғашқы астанасы Орынбор қаласында да болды. 

Ақмолалық өлкетанушылар Орынбарға барып қайтты

12-26 маусым аралығына жоспарланған бұл жолғы экспедицияның тақырыбы – «Алтын Орданың 750 жылдығы», Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл», қазақтың батыр қыздары, халық қаһармандары Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанованың 100 жылдық мерейтойларына арналған «Ұлық Ұлыс (Алтын Орда) хандары жолымен». Өлкетанушылар, тарихшылар, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, БАҚ өкілдері қатысқан экспедицияның мақсаты Қазақстанның Батыс өңірінің ерлік, тарихи, рухани, мәдени өмірі мен салт-дәстүрін зерделеу болатын. Жолдың ұзындығы 8500 шақырым, ұзақ, әрі жауапты. Бұрын барып көрмеген аймақ, бізге бәрі таңсық. Батыс өңірінің өзіндік өмір салты, әдет-ғұрпы, жол-жоралғысы бар. Көкшетаудан көк туымызды, Абылай бабамыздың ақ туын желбіретіп, Атбасар арқылы шықтық. Зеренді трассасы бойындағы Қарауыл Дүйсен би бабаның ескерткішіне тоқтап, аруақты бабадан жол амандығын сұрап, тілек тіледік. Ақан сері әнге қосқан Балқадишаны да ұмытқан жоқпыз. Атбасар қаласындағы Ілияс Есенберлин музейінде рухани орда меңгерушісі Ұлболсын Қамбатырова қарсы алды. Осы өңірде Абылай ханның жазғы қонысы болған дейді сапарлас құрбымыз, облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі, тарихшы Бибігүл Бейсенбайқызы. Бұл дерек әлі толық зерттелген жоқ. Жарқайыңда өз заманының меценаты, 4 рет қажылыққа барған Ахметбайдың, Абылай ханның тұсында жаугершілік заманда елін, жерін жаудан қорғаған алып тұлғалы Киікбай батыр, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық соғысына бастан аяқ қатысып, соңғы сәтке дейін қасында болған Баубек батыр жатқан жерге де бардық. Арқалық қаласындағы ұлт-азаттық күресінің хас батыры, Кейкінің атындағы мектептің оқушыларға берер танымдық экспозициясына тәнті болып, батыр жайлы тың деректер жинап жүрген кейкітанушы Шөптібай Байділдәұлымен пікірлесіп, Дала өлкесі тарихы музейінде дөңгелек үстел басында әңгіме дүкен жүргізілді.

Ел ішінде сақталған ерекше құнды жәдігерлер туралы не айтар едіңіз? 

–Бізге ерекше әсер еткен Торғай ауылында орын тепкен Ахмет Байтұрсынов музей үйінде Алаш арыстары Ахмет пен Міржақыптың тұтынған жеке заттары түпнұсқасында сақтаулы тұрғаны. Ахаңның «Қырық мысал» мен «Маса» жинақтары және Жаhаңның «Бақытсыз Жамалының» тұңғыш баспадан шыққан нұсқаларын ел ардақтыларының ұрпақтары бірі жердің астына көміп сақтап, енді бірі Мәскеуде 60 жыл жасырып келген екен. Олар күндердің бір күнінде халқымен қайта қауышып, ақталатынына сенген. Міржақыптың құтысын көргенде көзімізге жас алдық. Елінің болашағы үшін күрескен асыл арыстарымыздың қорлықпен өткен өміріне, арманда кеткеніне, қыршыннан қиылғанына жүрек қан жылады. Осы құнды жәдігерлерді көзінің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа аманат ету жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей, жүгіріп жүрген қазақтың қайсар қызы Гулбану Сәрсекееваға дән риза болдық. Арқалықтағы Амангелді Иманов мемориалдық музейіндегі құнды жәдігерлер 1916 жылғы ұлт-азаттық күрестің нақты айғақтары.  Ырғыз аудандық тарихи өлкетану музейін аралап шықтық. Бұл өлкеден шыққан танымал тұлғалар көп.

Ақмолалық өлкетанушылар Орынбарға барып қайтты

Батыс өңірінің табиғат таңғажайыптарына тоқталып өтсеңіз...

–Маңғыстаудың беткеұстары – Бозжыра, Шарлар алқабы, Ақтаудағы қарт Каспий, Оралдағы Жайық, Құмкөшу аймағы сияқты табиғат тамашалары. Осыдан 40 млн жыл бұрын Тетис деген мұхит болған екен. Ол тартыла келе тау жыныстары түзілген. Халық Тұзбайыр деп атап кеткен. Мұнда қыдырып келген туристер акуланың тістерін тауып алады екен. Адамға ерекше әсер ететін, ауасы тымық, көңіл күйіңді өзгеше күйге бөлейтін жер. Маңғыстаудың жер асты суларын зерттеп жүрген болашақ гидрогеолог Ардақ Бораш. Жергілікті тұрғындар құрылысқа қажетті ұлутастарды Бейнеу кен орнынан алады. Тұрғын үй салсаң өте жылы әрі денсаулыққа пайдалы дейді жас ғалым. Біз көрген үйлердің қоршаулары осы материалдан салынған. Тұзбайырды біз үстінен тамашаладық. Өйткені оның кереметі шынында да биіктен әсерлі көрінеді екен. Әр өңірдің өз әдемілігі, өзіндік қайталанбас ерекшеліктері барына әбдег көзіміз жетті. 

Ақмолалық өлкетанушылар Орынбарға барып қайтты

Экспедиция 2500 шақырым жолды артқа тастап, Бейнеуге ат басын тіреп, киелі орындарды араладық.  Бейнеудегі Бекет ата мешітіне бардық. Қасиетті жанның өз қолымен қазған құдығынан су іштік. Осы мешітте Бекет атаның алтыншы ұрпағы Қалымбегі Әбуұлының әулие жанның өзіне ғана тән ерекшеліктері жайлы ғибратты әңгімесін тыңдадық.  Бекет ата өзінің көзі кетсе де артындағы ұрпағына өшпейтін атақ, таусылмайтын азық қалады деген екен. Атағы қиямет қайымға дейін өшпейтінін болжапты. Ал таусылмайтын азығы дегені мешітіне келіп кететін жандардың өз несібесімен келетінін меңзегені екен. Адамға кешірімің көп болсын, ақ пен қараны ажырататын оқ берсін, дүние байлық иманы жоқ адамның қолына тисе бәрін бүлдіреді, өлген адам пір болмайды деген сөздері көпшілікке ой салды. 

Маңғыстаудағы әулие, ақ пен қараны айыратын төреші Қараман ата мешіті сонау XI ғасырда салынған. Жер асты мешітін сол кездің өзінде аэродинамикасын, гидродинамикасын сақтап отырып салыпты. Қыста қатты суық болмайды, ал жазда салқын болып тұрады. Көне мешіттің өзіндік қасиетін сөзбен айтып жеткізу қиын. Шопан атаның жер асты мешітіне бардық. Бекет атадан мұра болып қалған 5 жерасты мешітінің бірі Маңғыстауда орналасқан.Дәл осы қорымда әйгілі жырау, күйші Сүгір де жерленген. Бекет ата жер асты мешіті төрт бөлмеден тұрады. Өзі пайғамбар жасында дүниеден өткен және осы мешіттің бір бөлмесіне жерленген. Төргі бөлмеде атаның қасиетті асатаяғы сақталған. Осынау киелі орындарға зиярат етіп келушілер саны артпаса кеміген емес. Оған өзіміз де куә болдық. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін ағылып келіп жатыр. 

Ақмолалық өлкетанушылар Орынбарға барып қайтты

Жалпы өңірде зерттеуді қажет ететін киелі орындар көп пе? 

–Көне Сарайшыққа бара жатқан жолда Алтын қорымы бар. Ондағы құлпытас тардың безендірілуінің өз ерекшелігі бар дейді Атырау облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы басшысының орынбасары Фархад Байдәулетов. Дәл осы қорымда ен далада кездесетін балшықтан соғылған қорым да бар. Бір бейітте Самарқанның көк тасына ұқсайтын ағаш тас деп аталатын тас та тұр. Көне шағатай тілін үйренуге ден қойған мамандар құлпытастағы жазуларды оқыған кезде әр рудың өзіндік таңбасы және атауы әр түрлі жазылғанын байқапты. Мысалы, бір құлпытаста брч деген үш әріп қашаған. Оқи келе оның Беріш деген сөз екенін түсінген. Яғни рудың аттарын қысқартып беру тәсілі қооданылған. Фархадтың айтуынша, құлпытастарда татар, башқұрт тілінде жазулар жиі кездеседі. Пайымдауынша ол жазуларды Уфа, Қазан қалаларында оқып келген молдалар жазуы мүмкін. Бүгінде Атырау өңірінде зерттелмеген жерлер өте көп. Археологтар мен тарихшылар орта ғасырлық Таскешу сарайынын орнын тауыпты. Керуен жолында орналасқан бұл жерге керуеншілер тоқтап, тыныстайтын болған. Алыстан келе жатқан оларға ас суын қамдап, түнейтін арнайы бөлмелер, аттарын, түйелерін дем алдыратын қоралары дайын тұрған. Қазба жұмыстары барысында Қарауыл төбенің мұнарасы да табылыпты.

Ақмолалық өлкетанушылар Орынбарға барып қайтты

Осы жолғы Орынбор сапарынан қандай ой түйіп қайттыңыздар?

–«Абылай ханның қара жолы» экспедициясы Орынбор қаласына да барып қайтты. Жолшыбай Ақбұлақ, Тұзды елес сияқты қазақша жер атауларын оқып, солақай саясаттың салдарынан шекарадан сырт қалып кеткен қазақтың жері шұрайлы, топырағы құнарлы өлкесінің өз халқымыздың игілігіне қызмет етпей отырғанына қынжылдық. Орынбор жасыл желек көмкерілген, ауасы таза, көшелері жинақы қала екен. Қазақтың ұлт зиялыларының азаттықты аңсаған ащы үні осы жерде естілген еді. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлімхан Ермеков сияқты қазақтың көгіне өрмелеп шығып, күн болуға асыққан ардақтыларымыздың қызмет істеген, газет шығарған, жиындар өткізген, тұрған үйлерін көріп, бірінің тақтасы бар, бірінің мүлдем белгісі жоқ, бүгінде қарапайым тұрғындар тұрып жатқан жай ғана үйлерге айналғанын көргенде қатты қапаландық. Төбемізге көтеріп, есімдерін тасқа қашап жазып, мәңгілік өшпестей етіп, үнемі еске салатындай жағдай жасай алмай отырғанымызға өкіндік. Дегенмен Орынборда 1920 жылы Қазақ кеңестік автономиялы Республикасы ту тігіп, 1925 жылға дейін қазақ елінің астанасы болғанына жүрегімізді мақтаныш сезімі кернегені рас. Орынбор – Алаш зиялыларының табаны тиген, ағартушылық,қоғамдық, саяси қызметтерінің көрігі болған қасиетті мекен. Көне ғимараттар көп сырды құпия сақтап тұрғаны рас. Қазақтың әліпбиін дүниеге әкелген ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толып отырғанымен Орынборда соған қатысты бір де бір көрнекі ақпарат тақтасын көзіміз шалмады. Ахмет алдымен қазаққа керек. Соны ұғынатын кез келген жоқ па? Әлі де жалтақтау, сыбырлап сөйлесу, ойды ашық айта алмай тұншығу сияқты әдеттердің сақталғанын көріп, тарихымыздың қайта жазылып, кейінгі ұрпаққа шындықты шыңғырып жеткізуімізге әлі бірталай уақыт керек-ау деген ой түйіп қайттық.

Өзгелердің жаңалығы