Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Алдағы оқу жылында ақмолалық колледждер кәсіпорындар сұранысына сай 983 маман даярлауды көздеп отыр.
Бұл туралы облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Валерий Гамазов мәлімдеді.
Мұндай мемлекеттік тапсырыстың артықшылығы-оқу орнын бітіргеннен кейін студент тапсырыс беруші компанияға жұмысқа орналасады, – деп атап өтті Валерий Гамазов.
Өңірде кәсіптік білім беретін 32 колледждің 27-і мемлекеттік, 5-уі жекеменшік. Жаңа оқу жылына мемлекеттік тапсырыс бойынша 5800 орын бекітілді. Оның 2170 – і – жұмысшы мамандығы, 3630-ы бакалавриат.
Өңірдегі кадрларға деген қажеттілік талданды. Бұл ретте Мемлекет басшысының техникалық мамандарға басымдық беру туралы тапсырмасы ескерілді. Ең көп орын саны инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына белгіленген, – деп нақтылады басқарма бастығының орынбасары.
Оның айтуынша, республикада алғаш рет кәсіпорындардың өтінімдері бойынша мақсатты мемлекеттік тапсырыс енгізілуде. Ақмола облысында кәсіпорындар осы мақсатта 983 маман даярлауға ниет білдіріп отыр. Бұл колледж, студент және нақты кәсіпорын арасында үш жақты келісім жасалатынын білдіреді.
Кәсіпорындар оқу мен тәжірибеден өту үшін студенттерге орындар ұсынады. Ең бастысы, жас маман осы кәсіпорында оқуын аяқтағаннан кейін жұмысқа орналастырылуы тиіс. Бұл кәсіпорындарға еңбек нарығында сұранысқа ие маман даярлауға мүмкіндік беретін жақсы нәтиже деуге болады, – деп атап өтті Валерий Гамазов.
Колледждерге өтініштерді қабылдау белгіленген мерзімде 25 маусымнан 25 тамызға дейін жүзеге асырылады.
Талапкерлерге құжаттарды Электронды үкімет порталы немесе «CollegeSmartNation» жүйесінің көмегімен тапсыруға болады. Құжаттарды тапсыру кезінде талапкерлерге 4 колледж бен 4 мамандықты таңдау мүмкіндігі беріледі, – деп түсіндірді басқарма бастығының орынбасары.
Ол атап өткендей, өткен жылдағыдай, шығармашылық мамандықтардан басқа орта буын мен бакалавриат мамандықтарына құжат тапсырған талапкерлерге емтихан тапсыру қажет етілмейді.
Тек білімі туралы құжат жеткілікті, онда ең жоғары балл анықталады және қабылдау осы схема бойынша жүреді. Талапкерлерді жұмысшы мамандықтарына қабылдау тек әңгімелесу қорытындысы бойынша жүзеге асырылады, мұнда конкурстық іріктеу жоқ. Егер тілек білдірушілер саны белгіленген квотадан асатын болса, онда аттестаттың орташа балы бойынша іріктеу жүргізіледі, – деп түйіндеді В.Гамазов.