Ақмолалық еріктілер полицейлерге көмек көрсетуді жалғастырады

13 Қаңтар 2022, 15:06
1712
Бөлісу:
Ақмолалық еріктілер полицейлерге көмек көрсетуді жалғастырады

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Төтенше жағдай кезінде Ақмоладағы жастар ұйымдарының белсенділері тәртіп сақшыларына азық-түлік жеткізіп, ішкі тәртіпті сақтауға қол ұштарын созуда.

Сын сағатты бірігіп еңсеруге тырысқан белсенділер саны артып келеді. 

Солтүстіктің суық аязында полиция қызметкерлеріне тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеу қаншалықты қиын екенін түсінеміз. Сондықтан көшелерде және блок-бекеттерде жұмыс істейтін полицейлерге ыстық шай мен тәттілер үлестіруді қолға алдық. Сондай-ақ бірқатар белсенді жастар қоғамдық тәртіпті қадағалауға көмектесуді жалғастыруда. Күштік құрылым өкілдерімен қатар олар қоғамдық нысандарды, қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін кәсіпорындарды күзетеді. Коммуналдық және апаттық қызметтер тәулік бойы жұмыс істейді. Бейбіт уақытта бізді, қарапайым азаматтарды сенімді қорғағаны үшін оларға алғыс айтамыз. Біз барша тұрғындарды қаламызда бейбітшілік пен тәртіпті сақтауға шақырамыз. Өңірдегі жағдай тұрақтанғанша жұмысымызды одан әрі жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Елді бейбіт өмірге үндеп, жақсылық жасап жарысайық, – дейді Street Workоut бойынша Ақмола облысы федерациясының директоры Имран Ибрагимов. 

Қоғамдық ұйым белсенділері өңірдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді өздерінің азаматтық міндеттері санайды. 

Отан қорғау – әр адамның қасиетті борышы. Ақмолалық еріктілер өздерінің белсенді өмірлік ұстанымдарын пандемия кезінде де көрсетті. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірге біз ерікті жасақтардың құрамына кірдік. Күн сайын сағат 21.00-ден түнге дейін көшелерді патрульдеуге шығамыз, полиция қызметкерлеріне азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектесеміз. Біз мұны шын жүректен жасаймыз және жұмысымыздың барлық жауапкершілігін түсінеміз. Полиция қызметкерлері де еріктілердің құқықтық тәртіп орнатуға көмек көрсеткені үшін алғыс білдіруде, – дейді «Феникс» еріктілер орталығының белсендісі Ербол Амантаев.

Айта кету керек, ол осындай акцияларды ұйымдастыруда үлкен тәжірибеге ие. 2020 жылдың қорытындысы бойынша «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығын жеңіп алып, қала мен облыстың үздік волонтері атанды.

«Феникс» пен «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері – Омар Бекин, Равиль Загайдулин, Сұлтан Жолдыбаев, Арсен Жұмабеков осы күндері бірігіп, ТЖ режимі аяқталғанға дейін және жағдай тұрақтанғанша бірлескен жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр.

Облыстың жастар ресурстық орталығының мамандары облыстық волонтерлерді қолдау фронт-офисімен бірлесіп, қала тұрғындарына елдегі төтенше жағдай және облыс бойынша жұмыс істеп жатқан коменданттық сағат туралы ақпараттық парақшалар таратты, – деді Ақмола облысы ЖДО ақпараттық-талдау бөлімінің басшысы Ләззат Сыздықова.

Бүгінгі таңда Ақмола облысында белсенді өмірлік ұстанымы бар азаматтарды біріктіретін 240-тан астам қоғамдық ұйым бар.

Өзгелердің жаңалығы