Ақмола облысында бес адамның өмірін қиған жол апатынан кейін ауруханаға түскендердің жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Апаттан зардап шеккендер Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының мәлімдеуінше, оқиғадан кейін медициналық мекемеге үш адам жеткізілген.
Дәрігерлер қарауына түскен азаматтардың барлығы – 2003 және 2004 жылы туған жастар. Олардың бірі тексеруден өткен соң үйіне жіберілсе, қалған екеуі мамандардың бақылауында қалып отыр.
Медицина қызметкерлерінің мәліметіне сәйкес, 2003 жылы туған науқастың басынан жеңіл жарақат анықталған. Бас терісінің жұмсақ тіндері зақымданғанымен, оның жағдайы ауруханаға жатқызуды қажет етпеген.
Ал 2004 жылы туған зардап шегуші әлдеқайда ауыр жарақат алған. Оған жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы, төбе тұсындағы жарақат және бел омыртқасындағы сыну диагноздары қойылған. Сонымен қатар науқастың қатты ауырсыну синдромы бар екені анықталған. Үшінші зардап шегуші де түрлі дене жарақаттарын алған. Дәрігерлер онда ми шайқалуын, бас сүйек-ми жарақатын, самай тұсындағы жұмсақ тіндердің зақымдануын, сондай-ақ кеуде қуысы мен омыртқа бөліктерінің соғылуын тіркеген, - деп жауап берді Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының баспасөз қызметі редакцияның сауалына.
Орталықта науқастарды травматологтар, нейрохирургтер және терапевтер қарап шыққан. Қажетті зерттеулер жүргізілгеннен кейін бір адам амбулаториялық емдеуге жіберілсе, екі науқас политравма бөлімшесіне жатқызылған.
Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі уақытта ауруханадағы екі науқастың да жағдайы тұрақты. Олар тәулік бойы бақылауда, әзірге денсаулық жағдайының нашарлау белгілері байқалмаған.
Еске салайық, 21 маусым күні Астана – Қорғалжын бағытындағы тасжолда Kia, Toyota Fortuner және Toyota Land Cruiser көліктер қатысқан ауыр жол апаты болды. Соқтығыс салдарынан екі Toyota көлігі өртеніп, бес адам қаза тапқан еді. Тағы бес адам түрлі жарақат алған.