Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысының аумағында халықтың қауіпсіздігін сақтау мақсатында 2022 жылдың 19 қаңтарына дейін төтенше жағдай енгізілгені хабарланды.
Төтенше жағдай кезінде облыс аумағында 23 сағат 00 минуттан 7 сағат 00 минутқа дейін коменданттық уақыт жарияланды.
Төтенше жағдай кезінде қоғамдық тәртіпті, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілерді, халықтың тіршілігін және көліктің жүрісін қамтамасыз ететін нысандарды қорғау күшейтілді. Азаматтардың жүріп-тұруына сонымен қатар облыс аумағында көлік қозғалысына шектеулер енгізілді. «Төтенше жағдай туралы» заңның 20-бабына сәйкес коменданттық уақыт Ережелерін бұзғандарды полиция немесе әскери патруль қызметкерлері коменданттық уақыт аяқталғанға дейін ұстайды, жеке басын куәландыратын құжаттар болмаған жағдайда 48 сағаттан аспайтын уақытқа ұсталуы, жеке заттары немесе көліктік құралдары тексерілуі мүмкін, – деді Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бастығының орынбасары Александр Рублевский.
Ақмола облысының коменданттық штабының мәліметінше, төтенше жағдай кезінде жеке тұлғалардың құжаттары, жеке куәліктері, көліктері тексеріледі. Шерулер, спорттық және басқа іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге, қару жарақ, жарылатын және улы заттарды сатуға тыйым салынады. Сондай-ақ мейрамхана, қоғамдық тамақтану орындары, той салтанаттары, сауда нысандары, кәсіпкерлік нысандардың жұмыс уақыты 22 сағат 00 минутқа дейін шектеледі.
Билік өкілдеріне немесе заң талаптарына бағынбағандар, ТЖ кезінде жұмысты ұйымдастыруға кедергі жасағандар ҚК-нің 379 және 401-баптары бойынша 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілікке тартылады. ТЖ кезінде жалған ақпарат таратқандарға ҚК-нің 274-бабына сәйкес 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалады. ТЖ кезінде қару-жарақ, оқ-дәрілер, қозғалыс құралдарын әскери техника немесе басқа да әскери мүлікті қасақана жойғандарға 10 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза (ҚК-нің 459 бабы) қарастырылады, – деп хабарлады Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шұқатова.