Ақмола облысы Ақсу кенішінің учаскесінде қайғылы оқиға болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақмола облысы бойынша еңбек инспекциясы департаменті таратқан мәліметке сәйкес, 24 наурызда олардың мекемесіне «АК Алтыналмас» АҚ заңгерінен Ақсу кенішінің учаскесінде болған жазатайым оқиға туралы хабарлама түскен.
Жазатайым оқиға дерегі бойынша Ақмола облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаменті арнайы тергеу тағайындап, жүргізеді, – деп мәлімдеді ведомстводан.
Сонымен қатар полицейлер суицид фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Суицид дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Себептері мен мән-жайы анықталып жатыр, – дейді Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бұл Ақмола облысындағы шахталарда тіркелген үшінші жазатайым оқиға. Бұған дейін шахтада заңсыз кен іздеуші үш адамды топырақ басып қалған болатын. Оқиға салдарынан бір ер адам қаза тауып, екеуі медициналық мекемеге жеткізілген.