Ақмола облысындағы барлық қызмет жоғары дайындық режиміне көшеді

3 Наурыз 2024, 10:34
271
Бөлісу:
Ақмола облысындағы барлық қызмет жоғары дайындық режиміне көшеді

10 наурыздан бастап Ақмола облысындағы барлық қызмет жоғары дайындық режиміне көшеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы өңір басшысы Марат Ахметжанов әкімдік отырысында мәлімдеді.

Шарада тасқын суларды апатсыз өткізу және облыс аумағын 2024 жылдың көктемгі кезеңіне дайындау бойынша қабылданып жатқан шаралар талқыланды.

Тасқын сулардың автомобиль және темір жол магистральдарының бойында орналасқан су өткізу құрылыстары арқылы өтуіне мониторинг жүргізу және өзен арналарында, жаңбыр каналдары ағындарында су деңгейін тәулік бойы бақылау бекеттерін ұйымдастыру қажет. Су тасқыны барысы туралы өзекті ақпаратты ұсына отырып, облыстық жедел штабтың жұмысын уақтылы ұйымдастыруды және 10 наурыздан бастап жоғары дайындық режиміне өтуді тапсырамын, - деп атап өтті өңір әкімі.

Ақмола облысы ТЖД бастығының міндетін атқарушы Қанат Доспаевтың айтуынша, көктемгі су тасқынына дайындық аясында адамдарды қорғау және залалды азайту бойынша жұмыстар кешені жүргізіліп жатыр.

Биыл өңірде жауын-шашын көлемі нормадан асады деп болжанып отыр, бұл жағдайды нашарлатуы мүмкін және су тасқыны белгілі бір деңгейде қауіп төндіреді дегенді білдіреді. Облыстық бюджетте, аудандар мен қалалардың бюджеттерінде төтенше резерв пен шығындар үшін қаражат, ТЖ алдын алу және жою бағдарламалары көзделген. Қажетті материалдар дайындалды, - деді Қанат Доспаев.

Аудандар мен қалалар әкімдіктерінің мәліметтеріне сәйкес 2430 адам, 1078 бірлік техника дайындалды.

Су басу қаупі жоғары аймақтарға Целиноград, Аршалы, Атбасар, Сандықтау және Астрахан аудандары жатады

Өзгелердің жаңалығы