Ақмола облысында жоғалған 13 жастағы қыз аман-есен табылды

Белгілі болғандай, қараңғыда ол бағдарынан жаңылып, үйге өздігінен қайта алмай қалған.

 Polisia.kz Бүгiн 2026, 03:40
Бүгiн 2026, 03:40
142
Фото: Polisia.kz

Ақмола облысының Степногорск қаласында полиция қызметкері жоғалып кеткен 13 жастағы қызды іздеп тауып, анасына аман-есен тапсырды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

30 маусым күні кешкі уақытта полицияға қала тұрғыны хабарласып, 13 жастағы қызының үйден белгісіз бағытта шығып кетіп, байланысқа шықпай жатқанын айтып, көмек сұраған.

Хабарлама түскен бойда полиция қызметкерлері жедел іздеу жұмыстарын бастады. Іздеу тобының құрамында учаскелік полиция инспекторы Әділ Кутушев те болды. Ол қыздың анасымен бірге түні бойы іздеу жүргізіп, әсіресе қала сыртындағы техникалық нысандар мен ашық аумақтарды мұқият тексерген.

Іздеу жұмыстары таңғы сағат 04:30 шамасында нәтижесін берді. Жасөспірім қыз дала аумағынан табылды. Белгілі болғандай, қараңғыда ол бағдарынан жаңылып, үйге өздігінен қайта алмай қалған.

Қыз бірден анасына тапсырылды. Оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төнбеген.

Қыздың анасы полиция қызметкеріне алғысын білдіріп, оның табандылығы мен жауапкершілігінің арқасында қызын аман-есен тапқанын айтты.

Адамдар үмітін үзген кезде, ол іздеуді тоқтатпады. Жанқиярлығыңыз бен кәсібилігіңіздің арқасында қызымды аман-есен қайтардыңыз. Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз, – деді Степногорск қаласының тұрғыны.

Наверх