Ақмола облысында «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 20 мектеп салынады

17 Ақпан 2023, 19:18
2382
Бөлісу:
Ақмола облысында «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 20 мектеп салынады

Биыл өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 20 мектеп салынады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

 Облыстық білім басқармасының материалдық-техникалық базаны дамыту және нығайту бөлімінің жетекшісі Әсет Дүйсембаевтың айтуынша, облыста үш ауысымды оқытуды жою мәселесі әзірге ашық күйінде қалып отыр. Бірақ кезең-кезеңмен шешілуде.

«Өңірде әзірге Аршалы ауданының Жібек Жолы ауылында және Қосшы қаласында үш ауысымды оқытатын екі мектеп бар. Облыста үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешу үшін Жібек Жолы ауылында 300 орындық және Қосшыда 1 200 орындық жаңа мектептер салынуда.  Аталған құрылыс нысандары биылғы жыл соңына дейін қолданысқа беріледі деп күтілуде», – дейді Әсет Дүйсембаев.

Ол хабарлағандай, өңірде 5472 орындық 14 мектептің құрылысы жалғасуда. Жыл соңына дейін оның алтауын пайдалануға беру жоспарланған. Мысалы, жақын арада Өтеміс ауылында 120 орындық, Целиноград ауданының Жаңажол ауылында 80 орындық жаңа ғимараттар бой көтереді. Облыс орталығының тұрғындары Красный яр тас жолындағы 312 орындық оқу-тәрбие кешені құрылсының аяқталуын күтуде. 

Нысанды биыл тапсыру жоспарланып отыр.

«Целиноград ауданының Шұбар, Жібек Жолы және Аршалы ауданының Жалтыркөл ауылдарында 300 орындық мектептер салынады. Бұланды ауданының Біржан сал және Сандықтау ауданының Петровка ауданының тұрғындары мектеп салынуын күтуде. Сондай-ақ Степногорск қаласының Бестөбе кентінде 300 орындық оқу орнын, Қосшы қаласында 1 200 орындық екі мектеп, Көкшетау қаласында 1 200 орындық мектеп салу, Ақкөл қаласындағы №4 орта мектепке және Көкшетау қаласындағы №4 арнайы мектеп-интернатқа қосымша құрылыс салу жоспарлануда. Қазір Қосшы қаласында жеке инвестициялар есебінен 1500 орындық мектеп салынуда. Кейін оқу ордасы мемлекет есебіне беріледі. Нысанды биыл іске қосуды жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті Әсет Дүйсембаев.

Ол атап өткендей, өткен жыл соңында ҚР Үкіметінің отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мәселесі талқыланды. Оның нәтижесінде көп жылдар бойы шешімін таппаған өткір проблемалар – апатты, үш ауысымды мектептер және орын тапшылығы толық жойылуы тиіс. Жаңа жайлы мектептердің ерекшелігі, олар ауылдарда да, қалаларда да бірыңғай стандарт бойынша салынатын болады.

«Мысалы, бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқитын болады. Олардың әрқайсысында өздерінің оқу сыныптары, спорт залдары, дәретханалары болуы тиіс. Қауіпсіздік шараларын арттыру үшін бейнебақылау, дыбыстық ескерту жүйелері орнатылады», - деп түсіндірді Әсет Дүйсембаев.

Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдары, ауыстыратын киімдерді сақтауға арналған жеке шкафтар құрастырылады, кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына жағдай жасалады.

«Мұндай мектептер ең заманауи физика, химия, биология, робототехника кабинеттерімен жабдықталады. Тouch экрандары орнатылады, ол оқу орнының кез келген жерінен жоғары жылдамдықты интернетке қосылуға мүмкіндік береді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қажетті жағдайлар жасалуы міндетті. Спорт залдардың жетіспеушілігі мәселесі шешіледі, оқушылардың жасына байланысты олардың саны да артады. Жаңа мектептерде педагогтар үшін барлық жағдайлар жасалады: мұғалімдерге арналған кабинеттер интернетке қосылған компьютерлермен жарақтандырылады, қосымша оқыту немесе кеңестер өткізу үшін кәсіби аймақтар, залдар жабдықталады», - деп толықтырды маман.

Ауылдық жерлерде жайлы мектептер community-орталықтар рөлін атқаратын болады және балаларға еңбек дағдыларын сіңіретін ресурстық орталықтарға айналады.

«Облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы биылдан бастап іске асырылады. Өңірде 2025 жылға дейін 26,5 мың оқушыға арналған 20 мектеп салу жоспарлануда. Биыл 10 мектептің құрылысы басталады, нысандар 2024 жылы қолданысқа беріледі деп күтілуде. Оқу ғимараттарының негізгі үлесі елордалық аймақтар – Аршалы, Целиноград, Шортанды аудандарында және Қосшы қаласында салынатын болады», - дейді Әсет Дүйсембаев.

Өзгелердің жаңалығы