Ақмола облысындағы соңғы соғыс ардагеріне 5 млн теңге беріледі

Ақмола облысында 9 мамырға орай ардагерлерге 5 млн теңгеге дейін төлем беріледі.

Бүгiн 2026, 16:33
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 16:33
Бүгiн 2026, 16:33
226
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Ақмола облысында Жеңіс күні қарсаңында ардагерлер мен оларға теңестірілген азаматтарға біржолғы ақшалай төлемдер қарастырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақмола облысы әкімдігінің редакциямызға берген ресми мәліметіне сәйкес, өңірде қазіргі таңда бір Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері тұрады (Қосшы қаласы). Ардагерге мерекеге орай, 5 млн теңге көлемінде біржолғы төлем беріледі.

Сонымен қатар Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген азаматтар 25-30 АЕК (108 125-129 750 теңге) көлемінде төлем алады. Олардың қатарында:

  • Ленинград қоршауы кезінде еңбек еткен азаматтар – 1 адам;
  • концлагерьдің кәмелетке толмаған тұтқындары – 8 адам;
  • соғыс кезінде жарақат алып, мүгедек болған әскери қызметшілер – 17 адам;
  • Чернобыль апатына қатысушылар – 329 адам.

Тағы кім төлем алады:

- басқа мемлекеттер аумағындағы жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқан 380 ардагер 25 АЕК (108 125 теңге) алады.

- тыл еңбеккерлері – 1301 адам, соғыста қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері – 36 адам, әскери қызметте қаза болғандардың отбасылары – 45 адам, қайтыс болған соғыс мүгедектерінің жұбайлары – 30 адам, бейбіт уақытта әскери қызмет кезінде қаза болғандардың отбасылары – 68 адам, Чернобыль апаты салдарын жою кезінде қаза тапқандардың отбасылары – 5 адам, сондай-ақ соғыс кезіндегі жарақатқа байланысты мүгедектікке теңестірілген азаматтар – 27 адам 10-25 АЕК (43 250-108 125 теңге) көлемінде төлем алады.

Жалғыз қалған ардагер кім?

Өңірдегі жалғыз ардагер – Нұрғасым Әжітайұлы. Қазір Қосшыда тұрады. Ол 1925 жылы бұрынғы Семей облысының Абралы ауданында дүниеге келген.

1943 жылы әскер қатарына шақырылып, Новосібір қаласындағы мергендер мектебін үздік тәмамдаған. Кейін Мәскеу түбіндегі шайқастарға қатысып, Маршал Малиновскийдің қолбасшылығымен Керчь қаласын азат етуге атсалысқан. Сондай-ақ Курск доғасындағы ұрыстар мен Берлинді алу операциясына қатысқан.

Соғыстан кейін Жапонияға қарсы әскери қимылдарға қатысып, ерлігі үшін марапатталған. Бейбіт өмірде ұстаздық етіп, өндіріс пен қоғамдық салада еңбек етті.

Бүгінде ол үлкен әулеттің ақсақалы – 7 баладан 10 немере, 9 шөбере тәрбиелеп отыр.

Наверх