Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола өңірінде мыңдаған бала спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге тегін қатыса алады.
Қазіргі уақытта Ақмола облысы бойынша 36 үйірме жұмыс істейді. 136 қызмет көрсетуші 5106 балаға жалпы сомасы 147,4 млн теңгенің жолдамасын берді.
2021 жылдың мамыр айынан бастап мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді жан басына нормативтік қаржыландыру тетігі енгізілді. Жобаның мақсаты – балаларға қолжетімді қашықтықта орналасқан үйірмелерде тегін оқуға мүмкіндік беру. Бағдарлама толығымен сандық форматта artsport.edu.kz порталында жүзеге асырылады. Жолдаманы алған балалар үйірмелерге тегін қатыса алады, ал оқу ақысы кәсіпкерге мемлекет тарапынан төленеді. Жобаға 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар қатыса алады, – дейді облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасының бас маманы Жанар Ақылбекқызы.
Жүйе көптеген балаларға спортпен және шығармашылықпен тегін айналысуға, ал қосымша білім беретін жеке кәсіпорындарға клиенттік базаны кеңейтуге мүмкіндік береді.
Бұл жұмысқа жаттықтырушылар да тартылады. Бұл әсіресе спорт залдар жетіспейтін ауылдық жерлерде қосымша білім беру шеңберінде инфрақұрылымды жақсарту, жұмыс орындарын ұлғайту және жаңа қызметкерлерді тарту мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істей алатын мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Есту және көру қабілеті бұзылған, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды спортқа тарту үшін арнайы жабдықталған залдар қажет. Бұл бағдарламаға барлық өңірлер қатысады, әр облыста қаржыландыру әртүрлі, бұл қызмет тарифтеріне байланысты. Бағдарламаға тек жеке клубтар, секциялар, шығармашылық үйірмелер қатысуға құқылы. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, олимпиадалық даярлау орталықтары қатыспайды, өйткені олар мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Бұл бағдарламаның негізгі операторы мәдениет және спорт министрлігі болып табылады, – деп түсіндірді Жанар Ақылбекқызы.
Ең бастысы, порталда тіркелу рәсімі қызмет көрсетушілер үшін де, ата-аналар үшін де қолжетімді. Сайтта барлық спорт түрлері бойынша және әр аймақ бойынша толық ақпарат берілген. Бағдарламаға қатысушылар жеке кабинетін ашады, өтініш жазады, құжаттарын, жалдау шартын тіркейді.
Жоба аясында мемлекет балаға үйірмелер мен секцияларға айына 12 рет, аптасына үш рет тегін қатысуға кепілдік береді. Сондай-ақ, сайтта ауылдық жерлерде мектеп спорт алаңдарын пайдалануға мүмкіндік беретін құжаттар ұсынылады. Білім және ғылым министрлігі мектептегі спорт алаңдарын жеке тұлғаларға жалға беруге рұқсат етілген бұйрыққа қол қойды. Бұл жағдайда жалға берілген қаражат мектеп бюджетіне түседі және мекеме осы қаражатқа жөндеу жүргізуге немесе жаңа жабдық сатып алуға құқылы. Жобаның артықшылығы – жаттықтырушылар мен оқытушылар көп баланың арасынан дарындыларды таңдай алады, – дейді басқарма маманы.