Президенттің заңсыз иемденілген активтерді қайтару және оларды елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына пайдалану жөніндегі тапсырмасы аясында Ақмола облысында сумен жабдықтау және су бұру жүйелері жаңғыртылуда.
Осы мақсатқа Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен Үкімет 1,4 млрд теңге бөлді.
Қаржы Бурабай ауданы мен Щучинск қаласында жүзеге асырылатын төрт инфрақұрылымдық жобаға бағытталады. Атап айтқанда, Бурабай ауданындағы Қатаркөл көлінің маңында орналасқан балаларды сауықтыру орталықтарының су құбыры желілері жаңартылады. Бұл коммуналдық қызмет сапасын жақсартып, демалыс маусымындағы жүктемені тиімді еңсеруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Щучинск қаласында сумен жабдықтау және су бұру жүйелері кешенді түрде жаңғыртылады. Жоба аясында магистральдық су құбыры желілерінің төртінші кезеңі салынып, қолданыстағы желілер қайта жаңартылады. Сондай-ақ су бұру нысандары жөнделіп, қаланың кварталішілік кәріз жүйесі тартылады.
Жобаларды іске асыру инженерлік желілердің тозуын азайтып, жаңа тұрғын үйлерді, әлеуметтік және туристік нысандарды инженерлік инфрақұрылымға қосуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға да ықпал етеді.
Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін Щучинск қаласы мен Бурабай ауданындағы тұрғындар, әлеуметтік мекемелер және балаларды сауықтыру орталықтары сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз етіледі.
Айта кетейік, 2024–2026 жылдары Арнаулы мемлекеттік қор есебінен жалпы құны 610 млрд теңгені құрайтын 500-ден астам әлеуметтік жобаны қаржыландыру мақұлданған. Оның ішінде 267 жоба (226,5 млрд теңге) су инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.