Ақмола облысында қаңғыбас ит-мысықтарды аулауға 96 млн теңге бөлінеді

24 Қаңтар 2023, 13:15
1846
Бөлісу:
Ақмола облысында қаңғыбас ит-мысықтарды аулауға 96 млн теңге бөлінеді

Биыл өңірде қаңғыбас үй жануарлары мәселесін шешу үшін 96 млн теңге қаражат бөлінеді. Облыс аудандарында қаңғыбас жануарлар паналайтын орындар ашылады, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.  

​Жыл басынан бері IKomek-109 қызметіне өңір тұрғындарынан қаңғыбас иттерге қатысты шағымдар азаймай отыр. 

Ақмола облысының ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісовтың айтуынша, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң шыққаннан бері қаңғыбас иттер саны күрт өскен. Ал бұған дейін ветеринарлық қызметтер олардың санын реттеп отырған.

«Биыл бұл мақсатқа облыс бойынша 96 млн теңге жоспарланған. Қаражат қаңғыбас ит-мысықтарды аулау және жоюды ұйымдастыру, оларды уақытша ұстау, анықтау,  вакцинациялау және зарарсыздандыруға бағытталатын болады. Егер бағдарлама жұмыс істесе, қосымша қаражатқа бюджеттік өтінім береміз. Қазір ветеринарлық орталық тарапынан қарқынды жұмыс жүргізілуде. Заңға сәйкес иесіз иттер адамдарға шабуыл жасаған жағдайда ғана оларды жоюға болады», - деп түсіндірді Талғат Жүнісов.

Ол атап өткендей, Степногорск қаласында қаңғырған иттер қораға түсіп, 30 бас қойды тамақтап кеткен. Ветеринарлық қызмет қауіп төндіргендіктен иттерді атып тастады. Қазір көпқабатты тұрғын үйлерде тұрып жатқан бұрынғы жер үй тұрғындарының көбі ит асыраған. Олардың бәрі қазір иесіз, қала кезіп жүр. 

«Алдағы уақытта әр ауданда иттерді уақытша ұстауға арналған шағын пункттер салу жоспарланып отыр. Онда операциядан кейінгі күтімге арналған үй-жай, емшара бөлмесі, персоналға арналған, жуынатын бөлмелер көзделген. Алдымен жоба мақұлданып, қаржыландырылуы керек. Баспаналар міндетті емес, кем дегенде зарарсыздандыруға, вакцинациялауға арналған уақытша ұстау пункттері қажет. Осындай бір пункттің құны шамамен 50 млн теңге тұрады», - деп атап өтті басқарма басшысы.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау деректеріне сәйкес Көкшетауда қаңғыбас иттерге қатысты 427 шағым тіркелді. Құқық қорғау органдарының статистикасы бойынша облыс орталығында 29 жануар иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, үй жануарларын ұстау және серуендету ережелерін бұзғаны үшін 382,875 мың теңге өндірілді.

Ветеринария басқармасының мамандары облыстық мәслихаттың шешімімен облыстың елді мекендерінде жануарларды аулау, уақытша ұстау және ату, үй жануарларын ұстау және серуендету ережелері бекітілгенін атап өтті. Қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын реттеу мақсатында былтыр облыс әкімдігі 15 млн теңге және Көкшетау қаласына 785 мың теңге бөлді. 

«Осы қаражатты игеру үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді, «Kazakhstan innovations» ҚҚ жеңімпаз ретінде анықталды. Үй жануарларын есепке алу үшін «Icert» ЖШС-мен шарт жасалды, онда жануарларға жауапкершілікпен қарауды бақылау үшін қоғамдық инспектор анықталды. Қызмет көрсетуші қаңғыбас жануарлардың санын реттеу бойынша жұмыстар жүргізуде, қазірдің өзінде 37 ит-мысық ұсталды. Уақытша ұстау пункттерінде чиптер қойылып, зарарсыздандырылды», – дейді қоғамдық кеңес төрағасы Серік Кәкенов.

Қоғам белсенділері қаңғыбас жануарлардың нағыз әлеуметтік проблемаға айналғанын, жыл сайын олардың саны артып келе жатқанын, сондықтан мемлекет деңгейінде тиімді және кешенді шаралар қолдану, шет ел тәжірибесін пайдалану, ит-мысықтардың денсаулығын ветеринарлар қадағалап отыру қажеттігін айтады. Сонда ғана бұл мәселе белгілі бір тәртіп бойынша шешіледі: аулау – зарарсыздандыру – вакцинация – таңбалау – тіршілік ету ортасына оралу. Сондай-ақ, үй жануарлары мен көше жануарларын тегін зарарсыздандырумен айналысатын жылжымалы клиникалар құруға болады. 

Үй жануарларын қорғаушылар қаңғыбас жануарларға айыппұл салуды, сондай-ақ олардың иелеріне зарарсыздандырылмаған үй жануарлары үшін салық аударуды міндеттеуді ұсынады.

«Біз бұл мәселені қоғамдық кеңестерде бірнеше рет көтердік. Мысалы, былтыр 65 жануарды аулауға 160 мың теңге, 39 жануарды зарарсыздандыру және кастрациялауға 300 мың теңге бөлінді. Жануарларға алаңдайтын еріктілерді қолдау үшін конкурсқа қатысуға тек бір жеткізуші ғана келісті. Біз кәсіпкер үшін қажетті жағдай жасауға мәжбүр болдық. Барлық медициналық жабдықтар өз есебімізден сатып алынды және Щучинск қаласынан ветеринар шақырылды. Маман демалыс күндері екі рет келіп, аз ақыға жануарларға ота жасады. Ветеринарлық клиникалардың мұндай қызмет үшін алатын ақысы қымбат, бір жануарды кастрациялау үшін – 5 мың теңге, бір мысықты зарарсыздандыру 10 мың теңгеден жоғары. Біздің еріктілер қалада қаңғыбас жануарлар мекендейтін жерлерді аралайды. Қажет болған жағдайда оларды уақытша баспаналарға апарады. Бізге қала тұрғындарынан ауру жануарларға дәрі-дәрмек бөлу және үй жануарларын уақытша баспанаға апару туралы көптеген өтініштер келіп түсуде», – деп түсіндірді Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Мәриям Әбішева.

Ол сондай-ақ әкімдік жануарларға арналған баспана ғимаратын салу үшін жер телімін бөлгенін хабарлады. Қоғамдық қор 1 гектарды қоршау, сол аумақтағы жерді тегістеу үшін 2 млн теңге бөлді.

«Бізде жануарларды тамақтандыру және дәрі-дәрмектерді ұйымдастыруға жұмсалатын шығын қомақты. Еріктілер күндіз өз ұжымдарында жұмыс істейді, ал кешке жануарларға күтім жасау үшін баспанада болуға мәжбүр. Көкшетауда еріктілердің есебі бойынша 1000-ға жуық қаңғыбас жануарлар бар. Басқа елдердің тәжірибесі бойынша бұл жануарларды аулау, олар үшін қоршаулар жасау, тамақтандыру және күту, оларды біртіндеп зарарсыздандыру, қажетті вакцинация жасау орынды болар еді. Зарарсыздандырудан өткен жануарлар чиптеледі, оларға сәйкестендіру нөмірлері беріледі және деректер «Таңба» республикалық базасына енгізіледі. Демек, құтыруға қарсы вакцина алған жануарлар адамдарға қауіп төндірмейді. Биыл облыс бойынша қаңғыбас жануарлар мәселесін шешуге 96 млн теңге қаражат бөлінетіні құптарлық іс. Еріктілер жануарларға бей-жай қарамайтын азаматтардан көмек күтеді. Сондай-ақ жануарларға тамақ, арнайы жем және металл ыдыстар қажет», – деп атап өтті депутат.

Айта кетейік, 2022 жылдың 2 наурызынан бастап «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң енгізілді. Енді иттерді атуға болмайды, тек айналасына қауіп төндіретін, қартайған, жарақат алған ауру жануарлардың көзін жоюға болады.

Өзгелердің жаңалығы