Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Ақмола облысында елді мекендерді дамытуға арналған жаңа жобалар іске асырылады. Бұл туралы Президент тапсырмаларын іске асыруға байланысты өткізілген кеңесте мәлім болды.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев еліміз үшін стратегиялық маңызды шешімдер қабылданғанын атап өтті.
Жаңа үкімет құрылып, сындарлы жоспарлар мен нақты міндеттер айтылды. Ақмола облысында қиын сәтте ортақ күш-жігермен тұрақтылықты сақтауға қол жеткізілді. Бұл тәулік бойы стратегиялық маңызды нысандар мен қоғамдық қауіпсіздікті қорғау бойынша қызмет атқаратын полиция қызметкерлері, әскери қызметшілер мен арнайы бөлімшелердің еңбегі. Өңірдегі ахуал тұрақтанғанына қарамастан, жағдайды бақылауда ұстаймыз. Біз жеке құрамның жауынгерлік дайындығын арттыру және полиция органдарын қажетті арнайы көліктермен, оқ-дәрілермен, радиобайланыс құралдарымен толық жарақтандыру бойынша жұмыс жүргізуіміз керек. Елімізде орын алған қайғылы оқиғалар қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалардан туындағаны анық. Бұл бағаның өсуі, инфрақұрылымның баяу дамуы, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары мәселелері, – деді облыс әкімі.
Облыс басшысы қоғам мен мемлекеттік институттар арасындағы тұрақты диалогтың маңыздылығына тоқталды. Халықпен диалогта «қоғамдық пікір көшбасшылары» қызметінің тәсілдерін қайта қарау қажеттігі пісіп-жетілді. Әкім тиісті мемлекеттік органдар тарапынан үнемі бақылауды талап ететін әлеуметтік-экономикалық мәселелерге назар аударды.
Сұйытылған газ, бензин және дизель отыны бағаларына қатаң бақылау жүргізу, тұрғындар үшін 180 күн мерзімге коммуналдық тарифтердің көтерілуіне жол бермеу, халыққа коммуналдық қызметтерді үздіксіз ұсынуды қамтамасыз ету, азық-түліктің негізгі түрлеріне бағаны ұстап тұру бойынша барлық қолжетімді шараларды қабылдау өте маңызды. Елде орын алған соңғы жағдайды пайдаланып, жекелеген бизнесмендер бағаны негізсіз көтеруге тырысуда, біз күн сайын осындай фактілерге кезігеміз. Біздің ортақ міндетіміз –табысы аз адамдарға ауыр тиетін бағаның күрт ауытқуын болдырмау, – деді Ермек Маржықпаев.
ҚР Президенті инфляцияның жоғары деңгейі экономикамыздың негізгі проблемаларының бірі ретінде айтқан болатын. 2025 жылға қарай инфляцияны 3-4% нысаналы дәлізімен жоспарлы төмендету бойынша міндет қойылды.
Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындау мақсатында АӨК субсидиялауды жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ол ауыл шаруашылығы бизнесінің түпкі нәтижесі мен жауапкершілігіне бағдарланатын болады. Саланы мемлекеттік қолдаудың тиімділігін қамтамасыз ету үшін 20-ға дейінгі 47 бағытты оңтайландыру жүргізіледі және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қолдаудың қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. ҚР Үкіметі субсидиялаудың бірыңғай интеграцияланған жүйесін әзірледі. Ақмола облысы осы жобаны іске асыруда пилоттық өңір болады. Биыл 5,1 млн га алаңда жаздық егіс жоспарланған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 45 мың га артық. Майлы дақылдар алқабы 1,6 мың гектарға, жемшөп алқабы 26 мың гектарға ұлғайтылады. Аталған міндеттерді орындау үшін форвардтық сатып алу шеңберінде 25 млрд теңге кредит қаражатын жұмсау жоспарлануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артық. Бұл ақмолалық шаруалар үшін жақсы қолдау болады, – деді Ермек Маржықпаев.
2021 жылғы бюджет 425,7 млрд теңгені құрады, оның 98,7%-ы игерілді. 5,4 млрд теңге игерілмеген, оның ішінде білім басқармасы бойынша ең көп сома – 627 млн теңге, құрылыс басқармасы бойынша – 225 млн теңге.
Жұмысқа орналасуға мұқтаж азаматтардың нақты санын анықтау және оларды жұмыспен қамтамасыз ету міндеті қойылды.
Биыл жастарға арналған Жұмыспен қамту бағдарламаларын іске асыруға, сондай-ақ жұмыссыздық мәселелері барынша өткір тұрған және өзіндік ерекшелігі бар өңірлермен жұмыс істеуге ерекше назар аударылады. Біз «Жастар іс-тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларын іске асыруға толық көлемде дайын болуымыз керек. Осы ретте әр аудан немесе қала үшін нақты жұмыс жоспарлары талап етіледі. Елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, экономиканың негізгі салаларын цифрландыру, шикізаттық емес экспортты ұлғайту, заманауи кадрларды даярлау, азаматтардың іскерлік бастамаларын қолдау сияқты факторларды іске қосу қажет. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау тұрғысында инвестициялар тарту және перспективалы жобаларды іске асыру жөніндегі жүйелі іс-қимылдарға көшу маңызды. Ол өңірдің барлық елді мекендеріндегі адамдардың өмір сүру деңгейіне әсер етеді, – деді өңір басшысы.