Биыл әлеуметтік кодекс шеңберінде Ақмола облысында пилоттық режимде «сыйымдылығы аз үй» жобасы іске асырылатын болады, деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ақмола облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллина мәлімдеді.
Оның айтуынша, жобаны жартылай стационар жағдайында бір жарым жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 15 балаға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі жеке ұйымдар іске асыратын болады.
Аталған жоба 8 сағаттық күндізгі уақытқа есептелген, 1 балаға күн сайын 8 мың теңге, айына 178 мың теңге мөлшерінде ақы төленеді. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 16 млн теңге бөлінді, – деп бөлісті Шолпан Рахматуллина.
Ол атап өткендей, ай сайын басқарма мамандары «Бірлік» мүгедектердің қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, мүгедектігі бар адамдар үшін ашық есік күндерін өткізеді.
20 өңірде мүгедектігі бар адамдарға қатысты мәселелермен ғана айналысатын аудандар мен қалалар әкімдерінің кеңесшілері тағайындалды. Ашық есік күндері өзекті мәселелерді шешуге оң ықпалын тигізеді. Тұрғындар онлайн жүгініп, мәселені үйден шықпай-ақ шеше алады, - деп түсіндірді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, облыста мүгедектігі бар 28 мыңнан астам адам тұрады.
Ұзақ уақыт бойы қажетті қаражатпен қамтамасыз ету мәселелері шешілмеді. Ал қазір бәрі жақсы жағына өзгеруде. Мысалы, егер бұрын жатқан науқас күніне небәрі 4 жаялықпен қамтылса, жыл соңына дейін еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің жобасындағы өзгерістерге сәйкес олардың саны 8-ге жетеді, - деп атап өтті Шолпан Салыққызы.
Ол облыста қызметтердің барлық түрлерін көрсетуге және оңалту құралдарымен қамтамасыз етуге бюджет қаражаты жеткілікті екенін айтты.
Бурабай ауданында биыл алғаш рет «арнайы жұмыс орны» жобасы іске асырылатын болады. Ол үшін жұмыс берушіге республикалық бюджеттен ақшалай қаражат бөлінеді. Келесі жылы оны жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа, әлеуметтік осал санаттағы адамдарға 170 өтеусіз грант беру жоспарлануда. Негізінен мүгедектігі бар адамдар қызмет көрсету саласында – тігін цехы немесе сұлулық салонын ашқысы келеді. Олар оқиды, бизнес-жоспарларын қорғайды, біз оларды бір жыл бойы сүйемелдейміз: грант алған адам өз проблемаларымен жалғыз қалмайды. Кейбіреулер мүгедек жандарға көмектесу үшін бірнеше жұмыс орындарын құру арқылы өндіріс ашқысы келеді, - дейді басқарма басшысы.
Ақмола облысында 10 ұлттық жоба аясында 2200 жұмыс орны құрылды
Өңірде «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі» ұлттық жоба бойынша жұмыс орындарының ең көп үлесі – 1175. «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» ұлттық жобасы бойынша Макинск құс фабрикасы Бұланды ауданында 90 жұмыс орнын құрды, жоба аяқталды. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бойынша 624 адам жұмысқа орналастырылды, - деп қосты Шолпан Салыққызы.
Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 2007 адам жіберілген. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы отыз бес жастан аспаған, жұмыс тәжірибесі жоқ NEET санатындағы жастарға арналған.
«Күміс жас» жобасы бойынша 183 ақмолалық жіберілді. Жобаның мақсаты-50 жастан асқан адамдарға жұмыс беру. Жобаға қатысу ұзақтығы – 36 ай, бірінші жылы еңбекақы мөлшері жалақы мөлшерінен 70%, екінші жылы - 65%, үшінші жылы - 60%, 30 АЕК төлемнан аспайды. Екі жоба бойынша Зеренді ауданы мен Қосшы және Көкшетау қалалары көш бастап тұр.
Ақмола облысында еңбек ұтқырлығы орталығы мен мансап орталықтары пайда болады. 1 шілдеден бастап елдегі жұмыспен қамту орталықтары таратылады, оның орнына еңбек ұтқырлығы орталықтары мен мансап орталықтары пайда болады. Облыста қабылданған әлеуметтік Кодекске сәйкес жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы жанынан облыстық еңбек ұтқырлығы орталығы құрылады. Штат бойынша онда 30-ға жуық адам болады. Ал аудандарда мансап орталықтары құрылатын болады. Бұл орталықтар облыс өңірлерінде жұмыс күшінің сұранысын реттейтін болады, - деп бөлісті Шолпан Рахматуллина.
Оның айтуынша, Ақмола облысында жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты реттеу мәселесі шамамен 10 жыл бойы пысықталып келеді.
Үш жыл бойы біз жұмыс күшіне деген қажеттілікті зерттейміз. Жұмыссыздар қажетті мамандықтар бойынша оқытылатын болады. Сондай-ақ бізде оқытуға қатысатын колледждердің тізімі бар. Бұл ауқымды жұмыс, бірақ нәтижеге бағытталған, - деп түйіндеді Шолпан Рахматуллина.