Ақмола облысында «ерекше» балаларға арналған оңалту орталығы ашылды

23 Мамыр 2022, 18:44
2535
Бөлісу:
Ақмола облысында «ерекше» балаларға арналған оңалту орталығы ашылды

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өңірде көпбейінді облыстық балалар ауруханасында ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған «Қамқор» оңалту орталығы ашылды.

 Орталық директоры Серікжан Сабыралиевтің айтуынша, өңір үшін осындай маңызды және инновациялық жоба «Самұрық-Қазына» АҚ мен Тұңғыш Президенті қоры арасында қол қойылған меморандум аясында іске асырылуда.

Мұндай орталықтар бүгінде еліміздің әр өңірінде ашылуда. «Қамқор» орталығы 3 жастан 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға оңалту көмегін көрсетеді. Әр баламен жеке-жеке жұмыс жүргізіледі. Балалармен Нұр-Сұлтан қаласында арнайы оқудан өткен 28 маман айналысады, – деп түсіндірді орталық директоры.

Бір жыл ішінде орталық 600-ден астам балаға қызмет көрсете алады. Мұнда негізінен церебральды сал ауруы, тірек-қимыл аппаратының бұзылуы, инсульт пен перифериялық жүйке жүйесінің жарақаттары, нейроинфекция, сөйлеу дамуының кешеуілдеуі, тағы басқа диагноздары бар пациенттер оңалтудан өтеді.

Ақмола облысында «ерекше» балаларға арналған оңалту орталығы ашылды

Орталық базасында балалар эрготерапевт, логопед, психолог, дефектолог сияқты мамандардың көмегіне жүгінеді. Механотерапия кабинеттері, су процедуралары бар. Бізде қалпына келтіру емінің үшінші кезеңі жүргізілуде. Балалар барлық процедураларды көрсеткіштер бойынша алады, – деп атап өтті орталық жетекшісі Алтын Қартабаева.

Балаларға барлық оңалту, педагогикалық, әлеуметтік, психологиялық көмек тегін көрсетіледі.

Мекеме күндізгі уақытқа есептелгенмен, аудандардан да пациенттер көп келуде. Сондықтан неврология бөлімшесінде қосымша он орын ашу туралы шешім қабылданды. Оңалту орталығындағы эрготерация кабинетінде мамандар балаларға өзіне-өзі қызмет көрсетуді үйренуге, ұсақ моторика және аяқ-қол қимылымен жұмыс істеуге көмектеседі, – дейді орталық жетекшісі.

Орталықта екі дефектолог кабинеті, екі логопед және психолог кабинеті жұмыс істейді. Сенсорлық бөлмедегі жанға жайлы музыка, күңгірт жарық, ұйықтауға арналған ванна, сурет салуға арналған құм үстелі, көптеген тактильді атрибуттардың әрқайсысы балалар үшін таптырмас көмек құралы.

ЖРВИ және басқа да аурулардың алдын алуға арналған шунгит және тұз бөлмесі де бар. Сондай-ақ, пациенттерге иппотерапия  – арнайы тренажерлер де қолжетімді.

Балалармен 30 жылдан астам жұмыс өтілі бар медбике Жәния Құсайынова жұмыс жүргізеді. 

Орталықта церебралды сал ауруына шалдыққан балалармен жұмыс істеу үшін қолданылатын ерекше «Атлант» пневмокостюмдері бар.Оны киіп, ауаны сорамыз. Ол өз пішінін сақтайды және омыртқа осіне тұрақты позиция береді. Бала жүруге ұмтылады. Тірек-қозғалысы қиын балалар үшін бұл алғашқы көмек, - дейді Жәния Құсайынова.

Орталық жетекшісінің айтуынша, балаларға көрсетілетін оңалту рәсімдері қазірдің өзінде өз нәтижесін беруде. Кейбір балалар велосипедпен жүруді үйренді, басқалары дыбыстарды айта бастады. Дәрігерлер ерекше күтімді қажет ететін балаларға жылына екі-үш рет оңалтудан өтуді ұсынып отыр.

Айта кетейік, жоба аясында Степногорск қаласында балаларға арналған тағы оңалту орталығы жұмыс істейді. Онда 3 жасқа дейінгі балаларға көмек көрсетіледі.

Өзгелердің жаңалығы